Бақытбек Өтемұратов – Аралдағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «спорт және денешынықтыру» мамандығы бойынша бітірген ол өзінің жетістіктерімен мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектеп абыройын көтеріп жүр.Бәріміз білетіндей, ұстаз мақсаты – шәкірттерінің шығармашылық қабілетін, өзіндік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыру. Сонымен бірге, ел болашағы саналатын бүгінгі ұрпақты еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, өз тағылымы мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін жұмсауда мұғалім мәртебесі қашанда жоғары болмақ.
Бақытбек мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігімен қатар, мінезі ашық, өзі секілді жас мамандарға ұдайы көмектесіп отырады. «Ауызбіршілік үлкен асуды алады» деп түсінетін біздің кейіпкер ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл және мамандығын мақтаныш еткен ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын оның заман талабына сай маман екенін өз әріптестері де растайды.
Бақытбектің өзі де, шәкірттері де аудандағы түрлі додада топ жарып келеді. Әсіресе, баскетболдан түрлі турнирлерде үздік ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Бұнымен қатар, шағын футбол мен аудан мұғалімдері арасындағы спорттық жарыстарда Оның еңсесі әрдайым биік тұрады. Жас болса да, өз жетістіктерімен аудан мақтанышына айналған Бақытбектің ендігі арманы – өзінің шәкірттерін облыс пен республикалық спорттық сайыстарда жеңімпаз ретінде көру. Ал бүгінде мектеп пен аудан абыройын қатар арқалап жүрген жас жігіттің айқын бағыты жас мамандарға үлгі болып отыр.
«СБ» ақпарат.