Қызылордада 8 күнде 39 алаяқтық қылмыс тіркелген

Қызылордада 8 күнде 39 алаяқтық қылмыс тіркелгенҚызылорда облысының тәртіп сақшылары қылмыспен күресте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, қылмыстың алдын алу шараларын жоспарлы жүргізуде. Алайда, соған қарамастан соңғы кезде облыста өзгенің меншігін алаяқтық жолмен иелену арқылы азаматтардың құқына қол сұғу деректері көбеюде. Көп жағдайда алаяқтар нарықтық экономика жағдайына бейімделіп, «жеңілдікпен ірі көлемде несие, кезектен тыс арзан бағамен мемлекеттік пәтер, жер алып беремін, тендерден ұтып беремін, жүргізуші куәлігін арзан алып беремін немесе жалақысы жоғары қызметке, жұмысқа тұрғызамын және т.б.» түрлі желеулермен тұрғындарды алдай, сенімдеріне кіре отырып,  қылмысқа барып жатады. Соның салдарынан облыс көлемінде күнделікті ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстардың 60-70 пайызы алаяқтық қылмыстары болып келеді. Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың шілде айының 8 күнінде ғана облыс көлемінде 39 алаяқтық қылмыс тіркелуі осының айғағы бола алады.
Осы жәйтті тарата отырып, алаяқтық қылмыстардың кейбіріне тоқтала кетсек. Биылғы 1 шілдеде облыс орталығының тұрғыны, 22 жастағы Б.М. есімді қызылордалық «Үйдің құжаттарын жасап беремін» деп 40 мың теңгесін алған азамат осы уақытқа дейін ақшасын қайтармағаны туралы шағымданған. Жүргізілген іздестіру шаралардың нәтижесінде Б.М. ұсталды. Ал, 1989 жылы дүниеге келген азаматша Н.Н. өзінің көршісінен «Үйіңнің құжаттарын жасатып беремін» деп  2011 жылы жаз айында 100 мың теңге алып, үш жылдан бері қайтармаған. Осы жылғы шілдеде жәбірленуші шағым түсіріп, қазіргі уақытта азаматша Н.Н. қамауға алынды. 
Биылғы 2 шілде күні Қызылорда қаласының тұрғыны, 1990 жылы өмірге келген Б.П. танысының сеніміне кіріп, мемлекеттік тұрғын үйден кезектен тыс пәтер алып беремін деп 400 мың теңге алып, алдап кеткені үшін ұсталды.  Сол сияқты 2 шілде күні ОҚО Шымкент қаласының тұрғынын Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесінде орналасқан «Сұлтан» базары ішінде Э. есімді азаматша құны 29000 теңге тұратын 215 келі картоп өнімдерін сатып беремін деп алып, алдап кеткен. Бұған қатысты іздестіру амалдары жүргізілуде. 3 шілдеде азаматша Ш.Н. алаяқтық қылмысы үшін ұсталды. Ол өзінің танысының сеніміне кіріп,  «бірігіп бизнес жасаймыз» - деп 4 млн. теңге алып, осы күнге дейін ақшасын қайтармаған. 
2014 жылғы 4 шілде күні Жалағаш ауданы Шәменов ауылының тұрғынынан несие алып беремін деп 150 мың теңгесін алып, оның 40 мың теңгесін зейнетақы қорына салып, қалған 100 мың теңгесін қайтармағаны үшін 39 жастағы азаматша ұсталды. Дәл осы күні шағымданушылардың танысы Мөлдір есімді азаматша сенімге кіріп, балабақшаға тәрбиеші етіп жұмысқа тұрғызып беремін деп бірнеше адамды алдаған. Ол жәбірленулердің біреуінен 121 мың, екіншісінен 200 мың теңге алып, осы күнге дейін қайтармаған. Қазіргі таңда сезікті, Қызылорда қаласының тұрғыны, 1992 ж.т. М. К. ұсталып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Биылғы наурыз айында азаматша Д. С. бірнеше қала тұрғынына   мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беремін деп олардың әрқайсынан 4.5 млн. теңге ақша алып, бермей кеткен, шілде айында алаяқтық қылмыстары үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен қамауға алынды.
Астана қаласының тұрғыны Т.А. есімді азаматша келер жылы алпыс жасқа толады екен. Ағайын-туыстың ортасында абыройға кенеліп отыратын жасқа жеткенмен ол алаяқтыққа салыныған. Қызылорда қаласының 3 тұрғынының сеніміне кіріп, несие алып беремін деп әрқайсынан 16 мың АҚШ долларын алып, алдап кеткен. Үстіміздегі 5 шілдесінде оны криминалды полиция басқармасы қызметкерлері ұстады. Сезікті азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 177 бабы 3 бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл тұста тек алаяқтар туралы ғана емес, кей азаматтардың жеңіл пайда табуға, мәселені шешудің оңай жолын іздеуге бейімдігін, құқықтық сауаты төмендігін де айта өтуіміз керек. Міне, осы жәйт олардың алаяқтың арбауына түсуіне мүмкіндік ашады. Сондықтан Қызылорда облысының ішкі істер департаменті облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану, жоғары кепілдік кірісінің уәделеріне сенбеу және ақша, бағалы заттар мен мүлікті күмәнді адамдарға немесе компанияларға тапсырмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар, алаяқтық фактілері орын алған жағдайда тез арада полицияға хабарлауды естен шығармағаныңыз абзал. Алаяқтықпен күресті бүкіл ел болып жүзеге асыруымыз керек. Бұл – баршаға ортақ іс.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2014 г. 1 067 0