Ескерткіштермен еркін таныса аласыз

Қазалыдағы республи­ка­лық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге QR-коды бар тақтайшалар орнатылған. Осыған орай аудан тұрғындары мен қонақтары туған жердегі ескерткіштер туралы мәліметті еш қиындықсыз таба алады. Ол үшін қолында QR-код оқитын арнайы мобильді бағдарлама жүктелген ұялы телефон болса жеткілікті.

Смартфон не планшетке Play Market және App Store-дан "QR-кодreader" бағдарламасын жүктеп алып, тақтайша бетіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы ашып, ескерткіш жайлы ақпаратты қазақ тілінде ала аласыз.

Мәселен, ұялы телефон арқылы "Жеңіс" саябағындағы Кеңес Ода­ғының батырларына, Социалистік еңбек ерлеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған мүсіндер жанына орнатылған QR-кодты сканерлесеңіз, онда бұл мүсіндер қай жылы қойылғаны және ел үшін, жер үшін жанын берген жандар туралы толық ақпарат ала аласыз. Ал, Ұлы Отан және азамат соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған "Ер есімі – ел есінде" ескерткіш тақтасындағы QR-кодты оқытсаңыз, олардың ерліктері туралы баяндайды.

– Мұндай ­QR-коды бар тақтайшаларды об­лыс­­тық тарихи және мәдени ескерткіштерді қор­ғау жө­ніндегі коммунал­дық мем­­лекеттік мекемесі Қа­залы ауданының 32 ес­керткіші мен тарихи-мәдени нысанына орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса береді, себебі ауданда бұдан өзге де 63 мәдени-тарихи зор мәнге ие орындар мен ескерткіштер бар, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Бекет Табынбаев.

Жұмабек 

АЙДАРБЕКҰЛЫ.

Қазалы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2019 г. 574 0