Ащы сөздің салмағы ауыр

 Сіздің де боқтампаз туысыңыз бар шығар, иә... Менде ондай таныс та, дос та, туыс та жетеді. Әсіресе, нағашылар жағында мұндай "шеберлікті" мүлтіксіз меңгергендер көп. Айтқым келгені, өзім өзге облыста оқығанымда жастардың мүлде боқтық сөйлемейтіні таңғалдырған. Қызылорданың өзінде кейінгі уакытта лас сөйлейтін жас жігіттер азайған. Сонда біз бен біздің алдыңғы буында ғана ма осындай " тұздықтап" сөйлейтіндер. Расы керек, көзіміз ашылғалы есіткеніміз осындай "қодірен" сөздер болды. Мойындау керек қой. Әңгіменің төркінін әріден бастасақ.

Біріншіден, рулас жігіттер әкеңнен жасы кіші болса, сенің өз шешең оларға жеңге ғой. Белгілі. Жаман сөздің «ең тәуірін» осылардан естисің. Бетіне қарап, мынауың "100 грамдатқан ба?" деп ойлайсың, жоқ, сауы да қалысар емес. Ашуына тиіп алдым ба деп бетіне қарасаң, ыржиып тұрып өзіңе тиесілі сөзді лек-легімен тастайды. Талай жаға жыртысып, төбелесіп те көрдік, әкеме де айттым. Сосын жай кезде де өзінен жайлап сұрайсың, "сенікі не, басқа сөз құрып қалды ма? «Ағаң емеспін бе?» деп шіренеді. Күйесің бе?! Ау, сонда, алдыңғы арба дөңгелегі қайда тартса, кейінгісі ізін басатынын білмей ме, бұлар?

Екіншіден, шеше жағына бара алмай діңкесі құритындар бар. Нағашы деген халық әсіресе. Әкеңнен көсіліп, рахаттана сыбағанда айызы қанады шіркіннің. "Жайша ма?" дейсің ғой баяғы. «Немене, нағашыңа қарсы шықпақсың ба, біле білсең, менен шығып отырғаныңды ұмытпа!» деп кеуде қағады. Ұмытпайын, нағашеке, тек есті сөз айта көр маған...

Үшіншіден, елдегі кейбір жеңгелеріміз қарғыс түрін қарша боратқанда дәтің шыдамас. «Қара жер тартқыр», «жер ғана тартқыр», «көктей солғыр», «көгермегер», «қан түйнек келгір», «көргенсіз», «қарабақ болғыр», «мақау болғыр», «аты өшкір», «көрбақ бол, еште», т.т. Аза бойың қаза. Ең ішіндегі сорақы сөзі «көрбақ». Мағынасына мән беріп жатпайды, айқай-ұрыс кезінде төгіп-төгіп тастайды. Сосын мамыражай кесесіндегі шайын ұрттап отыра береді. Түк білмегендей. Бізді қойшы, үйренгенбіз. Сырттан келген біреу болса, шынымен де денсаулығына зиян келер еді. Бір кездері мұндай сөздерді естіген қонақтардың қан қысымы көтеріліп,  талайының талмасы ұстап құлағанын да көргенбіз.

Айтпақшы, алғысын қайдам, қарғыс түрлерін жинақтап, мағынасына үңіліп көрсеңіз, мен не айтып, не естіп жүрмін деп, арқа тұсыңнан суық тер шығары анық. Бір ғана мысал, «көк түйнек келгір» деген сөзді естісеңіз де, әуелі түсінбеуіңіз мүмкін. Түйнек дегеніміз, бұл – жаңа өсіп келе жатқан (ол қарбыз, қауын, өрік, шие, алма сияқты жемістердің бәріне қатар айтыла береді) өнімнің басы. «Көк» сөзінің тіркесуі оған әлі піспеген, шикі деген мағына береді. Яғни, "шикі, жас күніңде арам қат" дегенге саяды бұл қарғысың.  

Енді бірдеңе білдіңіз бе?! Абайлау керек. Жақсы сөз – жарым ырыс екенін мен емес, менен бұрынғылар әлдеқашан айтып кеткен.

 Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2019 г. 1 641 0