Жыл басынан бері 21 адам суға кеткен

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник С.Молдақараевтың, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаевтың, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетованың қатысуымен «Судағы қауіпсіздікті сақтаңыздар!» және «Кенеден келер қауіп көп»  тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.

    Жыл басынан облыс су айдындарында 21 адам суға батып кетсе, оның  сегізі бала.  Айталық, 6 шілде күні Жаңақорған кентіндегі "Тайпақкөл" каналында 2009 жылы туылған бала суға батып кетсе, 6 шілде күні Қызылорда қаласы Ғ.Мұратбаев көшесі бойында Сырдария өзеніндегі көпірдің астына шомылу кезінде, 2006 жылы туылған тілсіз жаудан көз жұмыд. Ал құтқарушылар келесі күні баланың денесін судан алып шықты.

   Арал ауданы Райым ауылдық округінің Қызылжар ауылында Сырдария өзенінен 2004 жылы туылған жасөспірімнің денесі табылды. 12 шілдеде Жаңақорған ауданында 1977 жылы туылған ер адам суға кетті. Жергілікті тұрғындардың көмегімен денесі судан шығарылды.

   Жоғарыдағы мәліметтен байқағанымыздай балалар ересектердің бақылауынсыз  қалуы  себептерінен көз жұмған. Ал, ересек адамдардың қаза болуының негізгі себептері – абайсыздық және жеке қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болған. Барлық жазатайым оқиғалар шомылу үшін белгіленбеген орындарда, тиісті қауіпсіздік құралдарымен қамтылмаған «жабайы жағажайларда» орын алуда.

      Қазір төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, күн сайын сағат 17:00-ден сағат 22: 00-ге дейін су айдындарында рейдтер өткізуде. Департамент қызметкерлері Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге 120 рейд жүргізіп, 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жазатайым оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты ата-аналарды жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға шақырамыз, – деді төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары С.Молдақараев. 

      Сонымен бірге облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетованың айтуынша, облыс аумағында жыл басынан 630 адам кене шаққандықтан тіркеліп, 16 адам «Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасына күдікті ретінде ауруханаға жатқызылған.

     –Зертханалық сынама қорытындысы бойынша 6 науқастың диагнозы расталып, 1 адам  кене шағу зардабынан  қаза болған. Сондықтан Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасынан сақ болу үшін далалы жерлерде жұмыс жасағанда, егін және мал шаруашылығымен айналысқанда, табиғатта демалғанда басыңызға бас киім, үстіңізге ұзын жең көйлек пен шалбар кию қажет. Ашық аяқ киім киюге болмайды. Егер осы шараларды ұстансаңыз, кене шағу ықтималдығы төмен болады. Дене қызуыңыз көтеріліп, мұрныңыздан қан кететін болса, жедел дәрігерге қаралыңыз, - деді ол. 

        Төтенше жағдайлар департаменті барлық тұрғындарды, ата-аналар мен тәрбиешілерді балалардың су айдындарында, каналдарда, өзендерде және көлдерде ересектердің бақылауынсыз болуына жол бермеуге шақырады. 

 

Қызылорда облысы  ТЖД

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 шілде 2019 г. 355 0