Серт пен сенім

Адам құқықтары – ең жоғары мәдени құндылықтардың бірі. Себебі ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айрықша тоқталған мәселелердің бірі  әділеттілік тақырыбы болды.

Қоғамда орын алып отырған келең­сіздік – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтар құқықтарының то­лық қорғалмауы, заңның өз шеңберінде орындалмауы дамуымызды кейінге ысырып барады. Президент: «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті әділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек... Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарамай, әр азаматтың мүддесін қорғау», – деді. Президент бұл бағытта елдің қазынасына бөгденің қол сұқпауын қатаң талап етіп отыр. Бұл – мемлекеттің қазынасы халықтың табан ақысы, маңдай тері.
Қазір бізге саяси демократиядан гө­рі әлеуметтік демократияны көбірек қол­дауға назар аудару керек болып тұр. Оның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кә­сіби біліміне, өзінің интеллигенттік дең­гейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұруы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз­дің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Аза­матта­рымызды толғандырған нақты мәсе­лелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ны­ғай­тамыз. Аймақтағы қордаланған мә­селелерді шешуге халық белсене араласатын болады» деп нақтылап айтып берді. Қоғамдық мақұлдауды алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда осыны меңзеп отыр. Бұл бастама – азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы, парасатты азаматтарды мемлекет мүддесіне тарту керек. Қоғамдық кеңеске енетін адамдарды таңдап, іріктей білу де аса маңызды шешім. Оған халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын, сындарлы, елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері енгені абзал. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Президент өз сөзінде Кеңеске саяси партиялардың же­текшілері мен азаматтық сектор өкілдерінің қамтылу қажеттігін айтуы көңілге сенім ұялатады. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім сыйластығы керек. Сыйластық жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог берік орнайтын болады. Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне әртүрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда, мойындауға тиісті ақиқат – кез келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек, өркениет табысына ортақтасусыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен сабақ үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл – Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Президент жастар жылы аясында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резервін» қалыптастыру туралы тапсырма берді. Бұл өте құптарлық саясат болып отыр. Реформалар жасау қашанда қиын болған. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының басына реформаторлардың тың жаңа буы­ны келіп отыр. Дәл бүгін партия бастауымен Президентімізді барынша қолдап, көмектесуіміз қажет.

Мнажадин ӨТЕЕВ,
«Сыр Маржаны» ЖШС
 директоры, облыстық
мәслихат депутаты
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2019 г. 765 0