Партия қатары толықты

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова Астана күні қарсаңында партия қатарына қабылданғандарға билет табыстап, бірқатар партия белсенділерін алғыс хаттармен марапаттады.

Партия қатарын еңбек азаматтары, теміржолшылар, дәрі­герлер мен студенттер толық­тырды.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен салтанатты шарада Ақмарал Әл­назарова жиылғандарды ме­рейлі мерекемен құттықтады. Мемлекеттің сыртқы саясат қызметін жүргізуде бас қа­ланың дипломатиялық Астана ретіндегі мəртебесін, сонымен қатар әлемдік қауымдастық Қазақстан Елордасын әлемдік ауқымдағы саяси оқиғалар ар­қылы танығандығын, жасампаз қала Елбасы идеясы екендігін атап өтті.

– Сыр өңірі – талай сындарлы сәтте сыр бермей, алда­рындағы міндеттерді табысты жүзеге асырып, жерді ғана емес, ғарышты да игеруге жол салған киелі мекен. Ең бастысы, Елбасы «Алаштың анасына» балаған, қазақылықтың қайнар мекені. Осындай айтулы аймақтың өсіп-өркендеуіне партия мүшесі ретінде сіздердің де лайықты үлестеріңіз болатынына сенемін, – деді партиялық билеттерді табыстаған облыс­тық партия филиалы төраға­сының бірінші орынбасары.

Жаңадан партия қатарына қосылған азаматтар атынан Қармақшы аудандық мә­дениет үйінің директоры, рес­пуб­ликаға белгілі жыршы Ар­нұр Көшеней «Nur Otan» – Елбасының, елдің партиясы, халықтың қамқоршысы екенін атап өтті.

– Бүгінде «Nur Otan» пар­тиясының еліміздің ең басты саяси күшіне айналғандығы сөзсіз. Партия Елбасының басшылығымен Қазақстанның сенімді түрде алға жылжуы үшін, Тәуелсіздіктің нығая түсуі үшін халықпен бірге қажымай-талмай жұмыс жасауда. Мә­дениет саласының маманы, өнер адамы ретінде партияның ұлттық өнерді, ұлттық спортты дамытудағы қолдауын ерекше атап өткім келеді. Партия мүшесі ретінде Елбасының, Партия төрағасының сарабдал саясатын қолдай отырып, мәдениетімізді дамыту саласында бар күш-жігерімді салып жұмыс жасайтыныма сенім білдіремін, – деді Арнұр Көшеней.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2019 г. 431 0