
Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты.
Екі азаматтың бірі 28 жаста болса, екіншісі 30-дан енді ғана асқан. Екеуі де бұрын сотты болған. Алғашқысы «күш көрсету арқылы және топтасып ұрлық жасағаны» үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылып, 2016 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Екіншісі «қару немесе суық қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» үшін жазаға тартылған.
Бұл азаматтар бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан қылмыстық жолға түскен. Қылмыстық топ құрып, заңсыз ойын бизнесін жүргізген. Аталмыш әрекеттерін Қызылорда қаласы және Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде жүзеге асырған. Бірнеше ғимаратты жалға алып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Онда құмар ойындарды лицензиясыз жүзеге асырған.
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері осылайша заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл қойды. Сол мекен-жайлардан компьютер процессорлары, мониторлар, кассадағы ұтыс ақшасы тәркіленді. Сот-техникалық сараптамасы бойынша компьютер жадыларында сақталған құмар ойын сайттарына кіретін онлайн ойындарға сілтемелер нақтыланды.
– Нәтижесінде екі азаматтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен олар ауырлығы орташа қылмыстары үшін 2 жыл 2 айға бостандығынан айрылды, – деді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт Орданова.