
Төретам кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Құлтаба Накиев ағамыздың есімі Байқоңыр ғарыш айлағы тұрғындарына ғана емес, көршілес Қармақшы мен Қазалы және Арал ауданы тұрғындарына танымал екені рас.
Бала жасынан әкесі Есқуаттан алған тәрбиесімен еңбекқорлық пен жауапкершілік деген қасиетті бойына сіңіріп өскен Құлтаба көп жылдар бойы өзі қызмет еткен Байқоңыр қалалық ішкі істер бөлімінде де, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де туған елінің әлеуетін арттыруға атсалысып, ел құрметіне бөленіп келеді.
Бүгінде Құлтаба Есқуатұлы зейнеткерлік демалысқа шықса да қол қусырап отырмай, Төретам кентінде өткізіліп жатқан қоғамдық жұмыстарға белсене аралысып жүр. Ол Төретам кенті ардагерлер және қоғамдық кеңестің мүшесі және медиатор қызметін атқарады. Сонымен бірге, оның екінші бір қыры түрлі экзотикалық құстар мен жануарларды асырап көбейтуге машықтанған.
Жақында ағамыздың ерекше ісімен танысуда отбасына бардық.
Біз аулаға кіргенде анадай жерде торда қамауда тұрған бірнеше алабай тектес итті тамақтандырып жүрген ағамыз қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып, келген жөнімізді айттық. Ол бізге күле қарап, әңгімеміздің төркінін түсініп, ауласындағы шағын құс қорасына жол бастады.
Расында да, иттерден басқа аула ішіндегі қорада бірнеше тауыс пен қоян-тауықтарды көрдік. «Асықпасаңыздар менің шағын фермамда құстардың неше түрі бар» деді. Ағаның ұсынысын құптап біз оның соңынан ердік. «Мына түйе құстарды бірнеше жыл бұрын Ресейдің Самара қаласынан әкелдім. Бүгінде оларды күтіп, бағудамыз. Мамандардың айтуынша түйеқұстар семіргенде 170-200 келіге дейін ет береді. Жұмыртқасының өзі 1 келі700 граммға дейін болады. Жылына олар 40 жұмыртқа салады» дейді бағбан ағамыз. Әрі қарай жүріп келеміз. Біз екінші қораға кіргенімізде алдымыздан бірнеше түрлі түсті тауыстар шықты. Олардың арғы жағында торда 4-5 қырғауыл,

30-ға жуық цесарка мен 50-ге жуық тауық пен қояндардың жүгіріп жүргенін көрдік. «Бүгінде құстарымыз бен қояндарымыздың саны артуда. Бұл мен үшін кәсіп емес, хобби болады, Міне, осы хоббиміді одан әрі кеңейтуге жұмыстар істеудемін. Алдағы уақытта бөдене асырау да жоспарда бар. Бөденелерге арналған жайым да жақын арада дайын болады. Мына кісенеп тұрған қасқа тайды сонау Қостанай өлкесінен алдырдым. Бұл текті тұқымдас тайды екі-үш жылдан соң үйірге қоспақшымын» дейді.
Осы ретте, Құлтаба Есқуатұлынан: «Мынадай үлкен істерді атқарып жатырсыз. Пайда бар ма?» деген сауалыма ағайым күле қарап, «Әрине, біріншіден мен осындай сұлу құстардан ләззат аламын, екіншіден, жасымыз болса міне жетпіске жетті. Отбасылық тірлігіміз өзгелерге, әсіресе болашақ ұрпаққа үлгі болсын, үйренсін, осы құстардың еті мен жұмыртқасының адам баласына емдік қасиеті көп. Ол рас. Осы еңбегіміз айналамызға жастарды тарту ниетімізбен атқарылып жатқан жұмыс.
Иә, «Еңбек- әлем әміршісі» дегендей, тек құстарды өсіру ғана емес, Қамбар ата төлін де өсіріп, бүгінде үйірлеп жылқы ұстап отырған Құлтаба аға ауласында жеміс беріп тұрған елуге жуық сары және қара өрік талының астында маған майын тамыза әңгімесін айтып отыр.
Расында да, аулада сәлем салған келіншектей жемісін көтере алмай иілген өрік ағашынан басқа, жақында ғана жемісін жинап алған шие, енді түйнек салған алма, қарақат, алмұрт ағаштары мен Мамыр және Роза гүлдері онсыз да өздерінің әсем әуендерімен көрші-көлемді тамсандырған құстармен бірге аулаға сән беріп тұр.
Сонымен қатар, аула ортасында атасы құрастырып берген әткеншек тепкен немерелер асыр салып ойнауда.
«Еңбек –– түбі береке» дейді дана қазақ. Осы уақытқа дейінгі саналы өмірін үкілеп өсірген ұрпағының жарқын болашағына арнап, ел құрметіне бөленген еңбек ардагері Құлтаба Накиевтің игі ісі көпке үлгі десек артық айтқандық емес.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы.