Қызылорда қаласында полиция қызметкерлері көп қабатты тұрғын үйден шыққан өртті сөндіріп, адамдар өмірін аман сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл оқиға 30 маусым күні орын алған. Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері - кіші сержант Әлихан Тұрғанов пен аға полиция лейтенанты Жасұлан Мәмбетжанов сол күні кешкілік өздеріне бекітілген аумақты аралап жүрген. Қызметін атқару барысында олар «Сырдария» шағынауданындағы көп қабатты үйдің екінші қабатында балконның жанып жатқанын аңғарады. Әлихан Тұрғанов дереу екінші қабатқа өрмелеп шығып, ондағы жанып жатқан дүниелерді дереу жерге қарай лақтырды. Бұл сәтте Жасұлан Мәмбетжанов тұрғындар мен балаларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген еді. «Полиция қызметінде жүрген мамандар мұндай тосын жағдаймен жиі ұшырасады. Өздерінің өміріне төнген қауіпке қарамастан батылдық танытып жатады. Әлихан мен Жасұланның бұл игі ісі бағалауға тұрарлық», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тәртіп сақшыларының әрекетін оң бағалады. Өрт сөндіру ісін талапқа сай атқарғанын атап өтті.