
19 маусымда түнгі сағат 02:25 шамасында Қызылорда қаласындағы ойын-сауық орнының алдында қару атылғандығы хабарланды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері екі тұрғынның дене жарақатын алғанын байқап, жедел жәрдем қызметі мен сол аймақта қызмет атқарып жүрген бекет қызметкерлерін көмекке шақырған.
Барлық аймақтағы бекеттерге күдікті азаматтың бағыт-бағдары беріледі. Бағыт-бағдарға сәйкес, Қызылорда патрульдік полиция батальоны жедел қызметке көшіп, күдіктінің ізіне түскен. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті, Байқоңыр қаласының 24 жастағы тұрғыны автокөлік салонында жасырынған жерінен құрықталған.
Автокөліктің ішінен екі дана травматикалық қаруы заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Күдікті қалалық Полиция басқармасының Уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Қазіргі таңда, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (Бұзақылық) және 287-бабының 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі