Арал аудандық сотында медиатордың көмегіне жүгініп, дау-дамайды келісіммен шешу үрдісі қарқындап келеді. Оған соңғы уақыттары тұрғындардың медиаторға жүгінуінің артуы дәлел.
Үстіміздегі жылдың 6 айында 31 қылмыстық іс, 7-азаматтық іс, барлығы 38- іс медиация туралы келісімге сәйкес қысқартылған. Мысалға айтар болсақ, сотталушы Е. танысы Б.-ның үйіне барып, өзімен бірге алып барған бір шыны арақты екеуі ішіп алып, Б. көрші үйге уақытша сұрап алған арбасын апарып беру үшін үйден шығып кеткен уақытында Е. тұрғын үйдің асхана бөлмесінде стол үстінде тұрған Б.-ның құны 15000 теңге тұратын «Самсунг» маркалы ұялы телефонын жасырын ұрлап, оқиға болған жерден бой тасалаған.
Сотталушы Е.-ның қылмыстық әрекеті, сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен қатар, іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Арал аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпқой медиатор Б.Бердалиев «Медиация туралы» Заңның 27 бабының талабына сәйкес медиация рәсімін өткізіп, сотталушымен жәбірленушінің татуласуына, келтірілген мүліктік залалды қалпына келтіруге қол жеткізіп «дауды реттеу туралы келісім» жасап, сотқа ұсынған. Осының негізінде сотталушы Е. Қылмыстық Кодексінің 67 бабының 1 бөлігіне сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ісі өндірістен қысқартылды.