Қызылорда – өнер ошағы

Бүгін С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында халықаралық симпозиумның жұмысы қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, бейнелеу өнерінің майталмандарына шығармашылық табыс тіледі.

Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттері мен Қазақстанның барлық өңірінен қылқалам шеберлері келген симпозиумға көршілес өзбек елінен Дилорам Мамедова да келді. Сыр табиғатына тамсанған талантты жан мұнда салған картиналарының керемет шыққанына қуанышты. Болашақта мұндай әріптестік жандана түссе дейді.
– Менің бұл шарадан алған әсерім өте зор. Ерекше елді мекендерге бардық. Суретшінің тілімен айтқанда, Қызылорданың түсі ерекше екен. Біздің Өзбекстанда да күн ыстық. Бірақ мұндағы колорид өзгеше екен. Сәтін салса, галереяда біздің де суреттеріміз ілініп, кейінгі ұрпақ мақтана аралайтын шығар, – деді әсерімен бөліскен суретші.
Жерлесіміз Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың атын иемденген галереядағы көрмеге ҚР Суретшілер одағынан 18 сурет әкелінген. Бұл бастаманың басы-қасында одақтың жауапты хатшысы Жамбыл Нәтбаев жүрді.
– Симпозиум өте жоғары деңгейде өтті. Сурет өнері десе ең әуелі Қызылорда ойға оралуы керек. Өйткені, қазақтың алғашқы суретшісі Ләтипа Қожықова осы өңірден шыққан. Бұйыртса, мына көркемсурет галереясын өнер музейіне айналдыруда еңбек етіп жатырмыз. С.Айтбаевтың өзі ғасырда бір туатын тұлға. Ең бастысы, облыстың басшысы қолдап, өнерге жанашырлық танытып отырғаны қуантады, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін 500-ге тарта картинасы бар галерея қорына симпозиумнан соң 200 жұмыс қосылыпты. Бұл көрермен көрер сапалы дүниелердің көбейгені мен қолжетімдігін көрсетеді.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 маусым 2019 г. 735 0