
Баскаран Наир Қырымбек Көшербаевтың қоғамды траснформациялау бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.
Баскаран Наир қазіргі уақытта Назарбаев Университетінің мемлекеттік саясат Жоғары мектебінің шақырылған профессоры болып жұмыс істейді. Ол – Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінің профессоры.
Коммуникация саласының сарапшысы Сингапурдың түрлі секторларында осы салада 30 жылдан астам қызмет атқарған.
Баскаран Наир акциялар бойынша серіктес және коммуникация бойынша халықаралық Нью-Йорк компаниясының бас директоры болған. Компанияда бастапқы жария (IPO) және ірі мәмілелерді іске асыру, акционерлермен қарым-қатынас, инвесторлармен өзара байланыс (M&A) бағдарламаларына басшылық жасады.
Сондай-ақ, Сингапур үкіметінің ұлттық әлеуметтік науқандарын басқарды.
Баскаран Наир: "Сингапурдағы қоғаммен байланыс жөніндегі оқулық" (1986); жаңа медиа бойынша "Басты көшеден кибер-көшеге дейін: коммуникация тәжірибесіндегі өзгерістер" және «Мемлекеттік саясаттағы маркетинг» (2018) кітаптарының авторы.
Айта кетейік, Баскаран Наир Қызылорда облысына сапары барысында өңірдің әлеуметтік-мәдени нысандарының қызметімен танысып, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін стратегиялық коммуникациялар бойынша сабақ өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы әкімінің штаттан тыс 2 кеңесшісі бар, олар - экономикалық мәселелер бойынша кеңесші РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Экономикалық теория және саясат кафедрасының меңгерушісі, академик Абел Аганбегян және су ресурстары мәселелері жөніндегі кеңесші - Орталық Азия ХКЖК ғылыми-ақпараттық орталығы филиалының директоры, бұрынғы Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев.