Өткен аптада облыс орталығындағы «Локомотив» стадионында республикалық «Жастар есірткіге қарсы!» ұранымен спартакиада өткізілді. Оны Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырды.
Аталмыш шараға Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, ОҚО, ШҚО облыстарының спортшылары, барлығы 220 жас спортшы қатысты. Жарыстар мини-футбол, стритбол және үстел үстіндегі теннис түрлерінен өтті. Ең үздік мини футболшылар болып Қызылорда облысының спортшылары атанса, Алматы, Маңғыстау облыстарының футболистері өзгелерден озып шықты. Стритбол бойынша ер балалар арасында Қызылорда облысының спортшылары жеңімпаз атанса, Алматы мен ОҚО-ның жігіттері жүлделі орындарды иеленді. Ал «ең мықты стритболист қыздар» атағын ОҚО спортшылары иемденіп, Жамбыл және Алматы облыстарының қыздары да қалыс қалмады. Үстел үстіндегі теннистен Алматы облысының спортшылары жеңіс тұғырына көтерілсе, ОҚО мен Маңғыстау облыстары екінші, үшінші орындарды иеленді.
«Жарыстардың нәтижелері бойынша жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және «Біз нашақорлыққа қарсымыз! Бізбен бірге бол!» логотипті спорттық киімдер табысталды. Сонымен қатар, ОІІД ЕБҚКБ қызметкерлері нашақорлыққа қарсы полиграфиялық үгіт – насихат өнімдерін таратты. Ұйымдастырылған спартакиадаға қатысқан жас спортшылар өздерінің әрекеттерімен нашақорлыққа қарсы екенін білдіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды» деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.