Жас сарбаздар жүлдесі

Жуырда Қарағанды қаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен республикалық «Айбын-2019» әскери патриоттық жиыны өткізілген болатын. ҚР Қарулы күштерінің «Спасск» әскери жаттығу бөлімінде ұйымдастырылған шараға қызылордалық делегация да барған еді. Биыл бесінші рет өткізілген са­йыста Сыр өңірінің намысын қорғаған жас сарбаздар жүлдесіз қалмады.

Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуы мен жаңаруына  септігін тигізуде. Қазақстан жастарының бо­йында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жас­өспірімдердің әскери-патриоттық қоз­­ға­лысы құрылды. Барлық өңірде бұл ұйым­ның бөлімшелері жасақталып жұмыс жа­салуда. Бүгінде оның әскери-патриоттық клуб­­тары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетті. 

Облыстық «Самғау» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Ғалым Камаловтың айтуынша, әскери жиынға 14 облыстан 600-ге жуық сарбаз қатысты.

– Жиынның басты міндеті – жас­тардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетіл­діру, олар­дың бойына ептілік пен қырағылықты қа­лып­тастыру Қарулы Күш­тердегі әскери қыз­метке даярлау, осы бағыттағы клуб­тар­дың іс-қимылын үйлестіру. Әскери қолданбалы сайыстың 10 түрінен қызу бәсекеге түскен сырбойылық 15 жас өз мүмкіндіктерін жақсы көрсете алды. Мысалы, Рустам Кенжәлі есімді жігіт робототехника сайысынан I жүлдені жеңіп алса, «Жас сарбаз» мүшесі Иманжүсіп Асылбеков пнев­матикалық мылтықпен ату бойынша II орынды иеленді. Жастардың барлығы алдын ала дайындық шараларынан өткен болатын. Оларға алғашқы әскери дайындық пәні­нің мұғалімдері бағыт-бағдар берді. Рес­­публикалық дәрежедегі жиынға қатысу мүм­кіндігін жасап, біздерге қолдау білдірген ел аға­ларына алғыс айтамыз,– деді бірлестік төрағасы.

Ал команда жетекшісі Вахит Валиев мұндай басқосу еліміздің әр айма­ғы­нан жи­нал­ған жастар үшін тек жарыс алаңындағы тартысу емес, шынайы достықтың керемет үлгісі болғанын айтады. Себебі, «Біздің бала­лар өзге өңірдің командалары үшін де қобал­жып, оларға қолдау көрсетті. Бұл сайыс ел жастарын тек қиындықты жеңуге емес, тамаша ауызбіршілік танытуға шақырды», – деді өз сөзінде.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 маусым 2019 г. 413 0