
Арал ауданында Құмбазар атты елді мекен бар. Аталуының өзінен көз алдыңызға ақ шағыл төбе, шалқыған кеңістік елестейтін ауылда қазақылықтың қаймағына қылау түспеген.
Оқу жылы аяғында осы шағын ауыл тұрғындары ерекше қуанышқа кенелді. Құмбазарлықтар №200 мектебінің түлегі Жаннұр Жұмамұраттың «Алтын белгі» иеленуін жақсылықтың жоралғысына балайды. Олай болмағанда ше?! Мұндай жағдай ауылда тұңғыш рет орын алып отыр. Біз аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова мен №200 Құмбазар орта мектебінің директоры Жолдас Көптілеуов бауырымызға қоңырау шалып, жаңалықтын жай-жапсарына қанықтық. Алғашқыда 7 жылдық болып ашылған Құмбазардағы білім ордасы сонан бері талай шәкірттерді қияға самғатты. Тура бес жыл бұрын типтік үлгідегі, қосқабатты, заманауи пән кабинеттері, мультимедиа, лингафон, ағаш өңдеу, тігін шеберханасы, интернет желісімен қамтылған мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Сол сәттегі көпшіліктің ықыласы текке кетпеді. Міне, ауыл мектебінен алғашқы «Алтын белгі» иегері шықты.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Жаннұр Жұмамұрат кезінде 9-шы сыныпты да үздік бітірген екен. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Алдағы уақытта Т.Жүргенов атындағы өнер адемиясының «кинорежиссура мамандығы» саласына барып, бағын сынамақшы. Адамның бойына қасиет атаның қаны, ананың сүтімен берілетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Жаннұрдың әкесі Толағай Досмамбетов ауыл клубының меңгерушісі, анасы көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді. Ауыл жастарын өнерге баулуда өз үлестерін қосып жүрген жандар деуге толық негіз бар. Жаннұр да шығармашылықтан құралақан емес. Оның «Ақмешіт жастары» басылымында жарық көрген «Анамның əңгімесі» атты əңгімесін оқырмандар жоғары бағалады. Осы жылы республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты балалар мен жастар байқауында «Жас қалам» номинациясы бойынша лауреат атанды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.