
Кеше, 21 маусым күні облыста мектеп бітіруші түлектер ҰБТ тапсыруды бастады. Тестілеуге 4143 адам, яғни бітіруші түлектердің 72%-і қатысады. Жалпы 2018-2019 оқу жылында 5755 оқушы мектеп бітірген. Оның ішінде қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша 406 түлек «Алтын белгі», 264 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды.
– Облыста ҰБТ сынағы 21-26 маусым аралығында, әдеттегідей 9 тестілеу пунктінде өткізіледі. Жылдағыдай, биыл да бітіруші түлектер «Талдысу», «Қамбаш» лагерьлерінде қосымша дайындық курстарынан өтті. Соның нәтижесі болар, өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 5% -ке артып отыр. Сондай-ақ, ҰБТ-ға әзірлік шаралары барысында ата-аналар мен түлектерге психологиялық тренингтер өткізіліп, барлық тестілеу пункттері жоғары талаптарға сай жабдықталды,–дейді облыстық білім басқармасының басшысы М. Мелдебекова.
Болжам бойынша аймақтың 4640 түлегі университеттерге (81%), 1000 түлек колледждерге (17%) түседі деп жоспарланып отыр. Айталық, осыған дейін 628 түлек Ресей Федерациясының 4 жоғары оқу орнына түсу емтиханын тапсырған болатын. Бұлар: Мәскеу ұлттық зерттеу технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Мәскеу энергетикалық институты және Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университеті. Ал емтиханның нәтижесі шілде айында белгілі болады.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті қалыптастыру мақсатында ҰБТ жылына 4 рет ұйымдастырылады. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айында өткен ҰБТ-ға 2392 оқушы қатысып, орташа балл 77 болса, наурыз айында тестті 4042 түлек тапсырып, орташа балл 83-ті құрады.
Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тесттің үшінші кезеңі 21-26 маусымда өтеді. Ал төртінші кезеңі 17-20 тамыз аралығына белгіленген. Атап өтейік, білім беру грантына тек үшінші кезеңде (21-26 маусымда) тестілеу тапсырған бітірушілер үміткер бола алады.
ҰБТ нәтижелері тестілеу күні белгілі болады. Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады. Сонымен бірге, @edugovkz_bot Telegram әлеуметтік желісі арқылы білуге болады. Ол үшін түлектерге өзінің жеке тестілеу нөмірін (АКТ) енгізу қажет.
Ал, апелляцияға өтініш ҰБТ нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия өтінішті бір күнтізбелік күн ішінде қарайды.
Ғазиза ӘБІЛДА.