Жақсылық пен жаңалықтың жаршысы

 Қырық мыңға жуық халқы бар Жалағаш ауданының арғы-бергі тарихын түгендеген аудандық басылымның жарыққа шыққанына биыл 85 жыл толып отыр. Сонау 1934 жылы «Колхозшы» деген үнпарақтан бастау алып, одан кейін «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария», бүгінде «Жалағаш жаршысы» атауымен тұрақты шығып келе жатқан қоғамдық-саяси  басылым әр кезеңнің талабына сай шығармашылықпен еңбек етіп, қалың бұқараның қалтқысыз құрметіне бөлене білді.
«Жалағаш жаршысы» газетінің 85 жылдық тарихында бүгінге дейін 24 редактор қызмет атқарды. Айталық, С.Жарылқасынов, Ж.Дүйсенов, С.Ақ­жігітов, М.Нұржанов, С.Қожаниязов, Ж.Алтыбаев, Ә.Ахетов, Ш.Оңғалбаев, С.Жүсіпов, М.Исаев, А.Қойшыбаев, Ә.Аманов, Қ.Әбдешев, З.Салықбаев, А.Кі­ребаев, М.Ілиясов, Т.Тәшен, К.Сү­лей­менов, М.Аяпов сынды тау тұлғалы азаматтардың орны әркез оқшау тұрады.
Өмірге деген сергек көзқарасы, сал­мақты үні бар, шығармашылық өкіл­дері Т.Сарыбаев, С.Баймаханов, Қ.Нұр­ғалиев, Б.Уызбаев, А.Бекарыстанов, І.Мұстафаев, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиев, Б.Шайланов, Ж.Әбжамилов, фототіл­ші Т.Ахметов сынды қарымды қалам­герлердің есімін ел әркез құрметпен атайды. Сонымен бірге, осынау аудандық басылым қабырғасында еңбек ете жүріп,   қаламгерлік жолында қадамы қалыптасқан, бүгінде есімдері елге әйгілі А.Сәдібеков, Е.Айғалиұлы, Қ.Достан, Б.Бүркітбайұлы, Е.Әбіл, М.Байназар, Б.Алпысбаева, Е.Әбдіхалықова секіл­ді шығармашылық өкілдерін зор мақта­нышпен айта аламыз.
Халық бұл шаңырақты дүкен деп те атайтын.  Өйткені баспаханадағы жұмыс күні-түні бір толастамайтын. Айтса, айтқандай, ұста дүкеніндей дүрсілдеп жататын.  Баспа машинасын басқаратын Жұмабек Уақбаев ағамыз ерекше бол­мысты адам еді. Сол дүкеннің шырақ­шысындай, бүкіл өмірін баспахана қа­бырғасында өткерді. Шырақшы де­мек­ші, осынау қара шаңырақта қырық жылға таяу еңбек еткен, хатшы Жанат Иманалиева жайлы азырақ айтып өтпесек, айып болар. Осы уақыт ара­лығында ол тоғыз редактормен бірге жұмыс жасаған. Қаншалықты табанды еңбек екенін осыдан-ақ білуге болатын шығар. Ол уақытта редакцияға келген  барлық ақпараттар, оқырман хаттары, аудан басшыларының бірнеше бет баяндамалары хатшының машинкасында терілетін. Демек, ол кісінің атқарған қызметі ешбір журналистен кем емес деп ойлаймын.
Ал баспахана ұжымында, кешегі күні ленотип машинасында әріптер қор­ғасыннан құйылатын уақытта еңбек еткен С.Тәжікенова, Ж.Тәшенова, Қ.Ерға­лиева, Р.Кенжебаева, З.Сейтенова, Т.Ах­метова, Н.Баймаханова, мекеменің бас есепшісі Т.Жидебаева бүкіл саналы ғұмырын осы шаңырақта өткеріп, абыроймен зейнетке шықса, сол кез­дегі жас мамандар Б.Тәшкенбаева, А.Ізті­леуовалар қазіргі ұжымның үлкендері болып отыр.
Аудандық газет аудан өмірінің айнасы. Сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі колхоздастыру кезеңінен бастап бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің  отыз жылға жуық дәуіріндегі қоғам келбеті түгел басылым бетінен көрініс тауып келеді. Осы орайда өзім басшылық жасаған кезеңде жергілікті билік пен аудандық басылым арасындағы бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыстарды атап өтуді жөн көрдім.
Дәлірек айтсам, 2009 жылдың қа­ра­ша айында маған аудандық газет редакторының міндетін атқару жүктел­ген болатын. Бұл уақытта аудан басшысы таным-талғамы, парасат пайымы бөлек Өмірбек Шәменов ағамыз еді. Қандай бір істі де сабырмен саралап, байыппен бағамдайтын. Сол жылы  аудан басшысының қолдауымен, «Жалағаш жаршысы» газетінің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтті.
Ал, 2010 жылы ауданға Қ.Бекенов әкім болды. Жас әкім сөзден гөрі іске бейімділігімен көптің көңілінен шықты. Уақытты ұтымды пайдаланып, жұмысты шұғыл атқарғанды жөн көретін. Қат-қабат қызу тірлікке көптің де құлшынысы артқандай еді. Ал бізде күн сайын жолсапар, шалғайдағы ауыл­дарға барып, газет нөміріне мақалалар дайындаймыз. Шаңға батып, шаршап-шалдығып келеміз. Әйтсе де, жазған дүниелеріміз шынайы, оқырман ойынан шығып жататын.
Дегенмен, дәл сол кезеңде аудандық газеттің материалдық ахуалы аса мәз емес еді. Редакцияның баспаханаға, электр қуатына, еңбекақыға жылдап қордаланған қарызы, басқа да шаруа­шылық шығындары еңсені көтертпейтін. Сол кездегі ауданның идеология саласын басқаратын Рауаш Әлиқызымен бірге осы мәселені аудан әкімінің алдына қойып, қаржылық қиындықтан  шығу жолдарын ақылдастық. Нәтижесінде,  сол күнге дейін А-3 форматында түрлі-түсті бояумен шығып келген газет енді екі түспен (қара-көк) шығатын болды. Осылайша бұған дейін газет бастыруға кететін шығынды екі есе үнемдеуге қол жеткіздік. Қаржылық жағдай бірте-бірте қалыпқа түсті. Бұдан кейінгі жылдары аудан басшылығына келген Б.Қаюпов ағамыздың да басылымға деген көзқарасы бөтен болған жоқ.
Ал 2011 жылдары С.Сермағамбетов ауданды басқарған уақытында газет қайтадан түрлі-түсті бояумен А-3 форматқа көшті. Оның бір себебі, 2012 жылы Бұқарбай батыр бабамыздың 200 жылдығы аталып өтетін болды. Газеттің шығармашылық жұмысы қалыпты, алайда әдеттегі қаржылық қиындықтар қайтадан алдымыздан шықты. Аудан басшысын жағдайдан хабардар еттік. Серік Сағитжанұлы бірінші орынбасары Е.Өмірсеріковке редакцияның қаржылық жағдайына толық сараптама жасап,  ұсыныстар беруді тапсырды. Мерзімді уақытта сараптамалық ма­териал  аудан әкімінің назарына ұсы­нылды. Анықталғандай, газеттің жылдық табысынан бөлек, 2 млн теңге шамасында қаржы жетіспейді. Аудан әкімі осы қаржыны аудан бюджетінен бөлуге ықпал етіп, мәселені оңтайлы шешіп берді. Сол 2011 жылы «Таңсәрі» деген атпен алғашқы жыр жинағым жарыққа шыққан еді. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде кең ауқымды шығармашылық кешімді өткізуге қолдау көрсетті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен 2013 жылдары аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті «Сыр медиа» серіктестігінің құрамына өтті. Мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінетін қаражат көлемі бірнеше есе артып, материалдық-техникалық жағдай едәуір жақсарды. Редакцияның ғимараты, қызметтік көлік, компьютер сияқты мәселелер түбегейлі шешімін тапты. Сол уақыттың талап деңгейіне сай еңбекақы көлемі артып, қажетті мамандармен толықтырылды. Ал, газет аптасына екі мәрте А-2 форматында түрлі-түсті бояумен шығарылатын болды. Осы жылдары газет тиражы 3 мың данадан асты. Басылымның ішкі жұмыстарында да біршама өзгерістер орын алды. Бір сөзбен айтқанда, газеттің бас редакторлары бұрынғыдай еңбекақы, салық төлемдері, түрлі ша­руа­шылық шығындары, баспа жұ­мыс­тары сияқты мәселелермен бас қатырмай, тек шығармашылық бағы­тын­дағы жұмыстарды үйлестіретін болды. Әлбетте, бұл заман талабына сай  бұ­қаралық ақпарат құралдарының да жаңа қырынан танылуына мүмкіндік берді.
Ауданға Т.Дүйсебаев басшылық жасаған тұста, яғни 2014 жылы  аудандық газеттің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Басылым тарихы жөнінде «Жалағаш жаршысы» жаңа белесте» атты кітап жарыққа шықты.
Ал биыл «Жалағаш жаршысы» басы­лымының жарыққа шыққанына 85 жыл толуына орай аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың қолдауымен газеттің мерейтойы аталып өткелі отыр. Бұл орайда бүгінгі БАҚ талабына сай абыройлы қызмет атқарып келе жатқан әріп­тестерімді төл мерекемізбен құт­тықтаймын. Қанатымды қатайтып, қа­ламгерлер қатарына қосқан қасиетті қара шаңырақ – «Жалағаш жаршысы» басылымына қашан да құрметім шексіз. 

Ғазиза ӘБІЛДА,
"Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 маусым 2019 г. 687 0