Қоғам дамуы тәртіптен басталады

 Мемлекеттің тыныштығы, халықтың амандығы бәрінен қымбат. Ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің бұзылмай отырғаны құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбектеріне тікелей байланысты. Қоғамның дамуы тәртіптен басталады. Соңғы жылдары қылмыс көрсеткішінің азайып, дамудағы ілгерілеушіліктеріміз осы қағиданың өміршеңдігінен болса керек.

1992 жылы 23 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясы қызметі мен міндетін анықтайтын ал­ғаш­қы құқықтық акт еді. Ал 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді. Кәсіби мереке қар­саңында біз облыстық поли­ция департаментінің бүгінгі ты­ныс-тіршілігімен, саладағы же­тіс­тік­терімен таныстыруды жөн көрдік.
Өз антына адал құқық қор­ғау саласының мамандары қо­ғам­дық тәртіпті қадағалау мен қыл­мысты болдырмау мақсатында тынымсыз жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде қылмыстық құқық бұзу деректері өткен жыл­мен салыстырғанда 9,9 пай­ыз­ға төмендеді. Сондай-ақ, тір­келген құқық бұзушылық­тың барлық түрінің ашылу көр­сеткіші жақсарды. Мәсе­лен, ауыр және аса ауыр санат­тағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 14,8 процентке, орташа дәрежедегі және ауыр емес са­наттағы қылмыстардың ашылуы 3,7 процентке артты.  
Бойына төзімділік, қырағы­лық, қарапайымдылық, шап­шаң­­дық сияқты қасиеттерді сі­ңірген өз сөзіне берік жан­дардың бей­біт заманда көр­сеткен батыр­лық­тары бір төбе деуге болады. Біз әңгі­мелес­кен облы­стық По­лиция департаменті Кри­ми­­налдық полиция басқар­ма­сының бастығы, полиция под­полковнигі Нұр­бол Сәден қол жеткізілген же­тістіктерге тоқ­талып өтті.
– Ағымдағы жылдың 5 айында облыс көлемінде ауыр қыл­­мыстың ашылуы 63,1-ден 79,6 процентке, аса ауыр қыл­мыс 88,0-ден 90,0 процентке жақсарып, адам өлтіру, ден­саулыққа қасақана зиян келтіру, зорлау, ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлықтары, алаяқтық, тонау, қарақшылық, бұзақылық қылмыстарының ашы­лу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғары болды.
Жалпы 37 қылмыстық топ құрықталып, олардың 66 қыл­мыс­қа қатыстылығы дәлел­ден­ді. Барлық қылмыстар­дың 60 пайызын құрайтын  ұрлық қыл­мысының алдын алу және ашуға ерекше назар аудару қажет. Жыл басынан облыс көлемінде 1704 ұрлық, оның ішінде ұя­лы телефон ұрлығының 273, қал­та ұрлығының 52  дерегі тіркелген. Осыған орай, халық көп шоғырланатын орындар  яғ­ни, базарлар мен сауда орындарында, қоғамдық көліктердің ішінде қалта ұрлығымен есепте тұратын және қылмыстық жауапкершілікке тартылған аза­маттардың фотосуреттері жа­быстырылып, жарнама па­рақ­­шалары таратылды, – дейді бас­қарма бастығы.
Жыл басынан 159 ұрлық жа­саған қылмыскер ұсталып, қылмыстары дәлелденді. Биыл пәтер ұрлығымен айналысқан 54 қылмыскер ұсталды.
– Облыстағы тағы бір өзек­­­ті мәселе – мал ұрлығы. Қа­­был­данып жат­­қан шаралар нә­­тижесінде, мал ұрлығына тос­қауыл қою ба­ғы­тындағы жұ­мыстарымызды  бір­шама жақ­сарттық, – дейді Н.Сәден.
Яғни, облыс көлемінде 2019 жылдың 5 айында 188 мал ұрлығы тіркеліп, 2018 жылғы осы кезеңмен са­лыс­тырғанда 22,3 процентке тө­мендеген. Тіркелген мал ұр­лы­ғы қылмыстарының ашылу көр­сеткіші де жоғарылай түсті. Қолданылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қарақ­шылық пен тонау  қылмыс­та­рының ашылуы жақсарды. Қа­ла орталығында орын алған қа­рақ­шылық қылмыстардың  ізін суытпай ашылуы қатаң ба­қы­лауға алынған. Мәселен, осы жылғы мамыр айының 14-15-і күндері Қызылорда қала­сында орналасқан «Олимп» бук­мекерлік ойынханаларына қа­рақ­шылық қылмыс жасал­ған. Ауыр қылмысты ашу мақса­тында жедел қызметкерлер тез арада кірісіп, нәтижесінде Қы­зылорда қаласының 29 және 30 жастағы тұрғындары ұсталып, қамауға алынды.
Уақытпен санаспай жұмыс жасайтын құқық қорғау орган қызметкерлерінің ерен еңбегі ел есінде қалады. Қызмет барысында қылмыскер қолынан қаза тапқан полицейлердің жан­­кештілік ерлігі кеудеңе мақ­­таныш сезімін ұялатады.  Олар­­дың қатарында небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бей­біт заманда өз өмірін қиып, ел азаматын қорғап қалған, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев пен капитан Кеңесбек Әбішев те бар. Қыл­мыскер қолынан қаза тапқан қызметкерлердің жеке заттары мен суреттері департамент мұражайына қойылған.
Кәсіби мереке қарсаңында об­лыстық полиция департамен­тінің бастығы Арыстанғани Ра­сылханұлы әріптестеріне жылы лебізін білдірді.
– Құқық қорғау органы қыз­меткерлері халықтың ты­ныш­ты­ғын күні-түні күзетіп, қо­ғамдық тәртіпті бақылайды. Қауіп-қатердің алдын алады,  төнген қауіпті ауыздықтауда басын бәйгеге тігетін кездері де аз емес. Әріптестеріме шын жүректен ұзақ ғұмыр, күш-жі­гер, шаңырақтарына бақыт ті­леймін. Ішкі істер сала­сын­дағы жетістіктер мен же­ңіс­­терге, сынақтарға толы тәр­тіп сақшыларының өмірін тек олардың жақындарының қол­дауы ғана жеңілдете түседі.  Олар­­дың махаббаты мен де­меуі, түсінушілік танытуы тәр­тіп сақшылары еңбегінің же­місті болуына әсерін тигізеді. Сон­дықтан  айтулы мереке күні жанұяларына ауызбірлік, зор денсаулық, бақыт, қызметте абырой тілеймін, – деді ол.
Полиция қызметі ел тәу­ел­сіздігімен бірге құрылып, ау­қымды жұмыстар атқарып келеді. Оларды мемлекет тарапынан қолдау да жыл сайын артуда. Саладағы көкейтесті мәселелерді шешуде облыстық бюджеттен қомақты қаражат бө­лініп, көмек көрсетілуде. Айталық, 2014-2017 жылдар ара­лығында ішкі істер саласына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, оған 159 бейнебақылау, 196 қызметтік автокөлік алынды. Бұл өз кезегінде қылмыстың дер уақытында ашылуына және оның алдын алуға септігін тигізуде.
Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, тыныштығымызды қорғап, береке мен бірлікті сақ­тау – бүгінгі полиция қызмет­керлерінің басты парызы болып қала бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
"Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 маусым 2019 г. 491 0