
Тұңғыш Президенттің тарихты терең зерттеп, сананы жаңғыртуға негізделген «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жаңа Президентпен сабақтастық тапты.
Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында жан-жақты айтылды.
Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен жиында қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттерінің ішіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру мәселесіне тоқтап, сабақтастықты оны әрі жүзеге асырудың өзекті сұрақтарын талқылады.
– Рухани жаңғыру бүгін басталған жұмыс емес. Бұл бағытта елімізде бірнеше ауқымды істер атқарылды. 2013 жылы «Халық - тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жинақталып зерттелді. Әлемдік тәжірибеде елдік руханияттың қалыптасуына ықпал етіп, санаға өзгеріс әкелетін 100 оқулықты қазақ тіліне аударуға ерекше назар аударылды. Жоба аясында жарық көрген оқулықтар облыс кітапханалары арқылы оқырмандардың ықыласына бөленді. Дегенмен ұлттық болмыс пен сананы өзгертуде әлі де атқарар жұмыстар жеткілікті, – деді кеңес төрағасы.
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, жиында кеңес мүшелері жаңғыру дегенің құр жаңғырыққа айналуына жол бермеу бағытындағы көптеген ұсыныстарды ортаға салды. «Сыр медиа» серіктестігінің басшысы Аманжол Оңғарбаев туған елге, жерге, тарихи мұраларымызға деген махаббатты күшейту, тарих қойнауына енген маңызды оқиғалардың мән-маңызын тереңінен зерделеп халыққа ашық жеткізу, бала санасына жасынан сіңіре білу, елдікті, теңдікті, ұлтқа тән дәстүр - ғұрыпты айтатын, ой-сананы жаңғыртатын ақсақалдар, ақылдастар кеңесі, немесе институты секілді жаңа қоғамдық құрылымдар жасақтауды ұсынды. Ал, облыстық филармония директоры Талғат Махашев сол жағалаудан бой көтеретін «Алаш арыстары» аллеясы жанынан ашық аспан астындағы тарихи музей ашу керектігін айтты. Сондай-ақ, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жүзеге асыруды жолға қою қажеттігі – тақырып тұздығы болды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».