
Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінде бруцеллез (сарып) ауруының алдын алу және болдырмау мақсатындадағдарысқа қарсы штаб отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқаптың төрағалығымен өткен жиынға облыстық жұмысшы топ мүшелері, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдері, Қазалы ауданаралық ауруханасымен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, теміржол ауруханасының дәрігерлері, ветеринария саласының мамандары қатысты.
Басқосуға арнайы келген облыстық жұмысшы топ мүшелері, Қызылорда облысының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Абдукаримова, облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық-санитариялық бақылау бөлімінің басшысы Ахлима Абдикаримова сарып ауруы бойынша бүгінгі таңда аудандағы ахуалдың алаңдатарлық деңгейде екенін атап өтіп, бірлесіп жұмыс атқару керектігін тілге тиек етті.
Мамандардың айтуынша, бруцеллез малдан таралады. Ол буындарды, репродукциялық органдарды және жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті инфекциялық ауру. Ол кейде адамды мүгедектікке душар етуі мүмкін. Егер ауруды дер кезінде анықтаса айығып кетуге болады. Алайда кей жағдайда ауыл тұрғындары ауруға салғырт қарап, асқындырып алады. Егер ауру асқынса, адам мүгедек болып қалуы да мүмкін. Сондықтан сырқатқа шалдықпас үшін алдын алған жөн. Ол үшін малдарға ветеринарлық тексеру жүргізіп, ауру малдарды анықтап, оларды оқшаулау қажет.
Сондай-ақ, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сапарбек Қуатов Қазалы ауданы бойынша жануарлардың аса қауіпті бруцеллез ауруының алдыналу, болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Жиын барысында айтылған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне бруцеллез ауруына байланысты барлық алдын алу, анықтау шараларын тиісті талаптарға сай қатаң жүргізуді тапсырып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі