Полиция – балалар көзімен

 Сыр өңірінің тәртіп сақшылары өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында «Ашық есік» күнін өткізді. Жас буынға полиция қызметінің ашықтығын, жариялылығын көрсете отырып, ішкі істер органдарының қызметін дәріптеуге бағытталған шараға мектеп оқушылары қонаққа келді.

Онда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров Отанға қызмет етемін деген жастардың көбейіп келетінін айтты. «Ашық есік» күніне келген оқушыларға ел тыныштығын сақтауда қалтқысыз қызмет ететін полицейлердің жұмыс барысы жария етілді. Кішкентай қала тұрғындары департамент мұражайын да тамашалады. Департамент тарихы, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері, қызметтік міндеттерін өтеу барысында қайтыс болған қызметкерлердің, ішкі істер органдары ардагерлерінің өмірінен сыр шертетін экспонаттармен, фотостендтермен, құнды кітаптармен танысты.

Полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлері де өнерін көрсетті. Балаларға жауынгерлік дайындық ерекше ұнады. Сырдария аудандық «Бағдаршам» жасағының өнері көпшілікті бір серпілтті.

Балалар үшін ұйымдас­тырылған «Полиция балалар көзімен» тақырыбындағы суретшілер байқауы ең қызықты сәт болды. Бүлдіршіндер өз қиялдарына ерік беріп, тәртіп сақшылары жайлы ойларын әсерлі бейнелеп берді. Ал, полицей ағалары жеңімпаздар мен байқау қатысушыларын бағалы сыйлықтар, арнайы дипломдармен марапаттап қуантты. Шара барысында анимациялық қуыршақтар мен мультфильм кейіпкерлері де балғындардың көңіл-күйін көтерді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 маусым 2019 г. 416 0