Құмалақшының қойыртпағы

Екі көзім жәутеңдеп құмалақшының қолына қарап отырмын. Түсі суық, жасы алпыстан асқан қайыс­тай әйел екен. «Я, раббым» деп иегін ішке тартып, бір кекірді де, (онысын аруақ шақырғандағысы деп түсініңіздер) қырық бір құмалағын санамалап, тартып кеп жіберді. Шашылған құмалаққа қарап, қасын керіп сәл ойланды да, сарнай жөнелді.

– Ойбууу! – деді шошыған дауыспен. Жүрегім жарылып кете жаздады. Жаманат хабар айта ма деген ой ғой.

– Не болып қалды, апа-ау?!

– Әй, сен, бастығыңмен онша емес екенсің ғой. Байқа, сол жағына шығып жүрсің.

– Апа, мен әлгі...

– Тұра тұр, сүйреңдемей.

Мені қарсы дау айтады деп ойласа керек. Сөзімді аяқтатпастан іліп әкетті.

– Ауылдан ет, балық, ағар­ған келсе, ауыз тигізіп тұрмаймысың ондай кісілерге. Сосын әйеліне ара-тұра «пәдәркі» сый­лау керек...

Бірді айтып бірге кетті. «Қуып» отырғанын бірден білдім. Біріншіден, өз бастығыммен ондай дүрдараздығым жоқ, екіншіден, ол – әйел адам болатын. Әрі ол «пәдәркі» тұрмақ, той-садақадан «сынық» бауырсақ та (той соңында жоқ дегенде екі пакет тамақты көтере шығатын көп жеңгейлерді айтып отырмын) алмайтын кісі. Аңқау елге арамза молда демекші, бұл апам да оңай мал табуға ұмтылған пенденің бірі болып шықты.

– Мына жерде өкшең көтеріліп, жол жүресің ау, әй, емпеңдемей әрі тұр, – деп  құмалаққа қарай ұмтылған мені қолымен қақпайлап. – Піссіміллә, мында жүрегің қуанышты, мәшине мінесің, мәшине көріп тұрмын. Көлік мінетіндей қалтамда қаржы тіреліп тұрмаса да «әумин» дедім іштей. Машина мінгенді кім жек көрсін. Сөйттім-дағы, соңғы үлгідегі су жаңа 500 теңгелікті алдына қоя бердім. Сірә, көңілі толмады, соңында бата бергенде де сүлесоқтау қайырып, бет сипады. Мен де іштей «жындының сандырағы келер» деген оймен жөніме кеттім.

Білсе, қазақ білсін деген ниет қой біздікі. Сол күні мына аңыз еске түскені. «Ойпырмай» дедім алғашқыда мұны естіп. Сүйегі асыл адамның бәрі бұрынырақта өмір сүрген бе деймін де кейде. Жалғанда құмалақшы дегенге онша илана қоймайтын өз басым, мұны естігенде бірталай жайсыз күйге түскенім бар. Бұл енді ілгеріректе болған оқиға.

Бұрынырақта аузы дуалы, айтқаны тура келетін бір құмалақшы болыпты. Сол кісі алыс ауылдан өз еліне қайтып келе жатыр екен. Астында аты, сосын аттың жемі салған дорбадан өзге дымы жоқ сол көкеміз жолай демалғысы келеді ғой. Тіпті «алдым кеш, бір жыңғыл түбіне жата сап, ертемен қозғалармын» деп те ойлайды. Содан ағамыз аттан түсіп, қандай шайтан иектегенін кім білсін, әлде, іші пысты ма, онысы өзіне аян, отыра қалып өз-өзіне құмалақ ашыпты. Құмалақты шашып жіберіп, қарап отырып, салған құмалағынан өзі шошиды ғой баяғы. Сондағы құмалақтың «айтқаны» мынау бопты: «Егер осыдан тоқтамай үйге барсаң, қатының өледі. Жолда тоқтасаң атың өледі. Ал осында қонсаң, өзің өлесің». Құмалақ солай сөйлеген. Бұл қайтерін білмей сасады сол жерде. Не істерін білмей, дағдарған сол құмалақшыға анадайдан шаң көрініп, бір атты тура салып келеді екен. Түрі бұзылған құмалақшы жайын естіп, әрі жерде салынған құмалақты көріп әлгі ғайыптан келген атты былай депті.

– Ана мінген атыңның үс­тін­дегі дорбада не бар?

– Аттың жолай жейтін арпасы бар.

– Онда соның аузын буып, үстін езгілей басыңыз.

– Қазір, – дейді де, бұл көкем сасқанынан бейтаныстың айтқанын сол заматта орындайды. Әбден мыжылған дорбаны төксе, сусылдаған қара жылан аударылып түсіпті. Міне, ғажап! Әлгі бейтаныс тағы былай дейді.

– Егер сен осында түнесең, мына ат жемдейтін дорба түбінде жатқан жылан түнде өзіңнің ажалың болып келер еді. Ал жолда қалмас үшін, тоқтап, атыңа дорба кигізіп, жем беретінің ақиқат. Онда ат мерт болатын еді. Ал тоқтамай үйге жеткенде, «күйеуім не әкелді екен» деп қызыққұмарлықпен дорбаңды қараған қатыныңды мына жылан ана дүниеге аттандыратын еді. Сіз қырық құмалақты сөйлеткенде, мен қырық бірінші құмалақты сөйлеттім...

Сөйтсе, мынау келген ана құмалақшыдан да зор біреу болып шығады. Міне, қос құмалақшының хикаясы осымен тәмам. Ал сізге қай құмалақшы кезігіп жүр? Аталарымыз айтатын «шын» құмалақшыға ма, әлде «жын» құмалақшыға сеніп жүрсіз бе? Ой қосыңыз...

Сойырқастың Ақжігіті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 маусым 2019 г. 667 0