
Аударма – тіл қолданысын кеңейтудің бір әдісі. Ғалымдар пікірі осыған саяды. Облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Б.Байділдаева аударманың қажеттілігі мен тигізер пайдасын тілге тиек қылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жиында аударма жасаудың негізгі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мен осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы да айтылды.
Шараға облыс әкімі аппаратының, облыстық басқармалардың, аумақтық департаменттер мен инспекциялардың, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, филолог-ғалымдар, тілдерді оқыту орталығының оқытушылары қатысты.
Семинардың күн тәртібіне сәйкес, «Аударма – тіл қолданысын кеңейтудің бір әдісі» тақырыбында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Б.Байділдаева, «Жаңа емле: құрылым мен мазмұн» тақырыбында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Ә. Бахытова, «Қазіргі аудармадағы өзекті мәселелер» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Б.Боранбай баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар аударма мәселелері және латын әліпбиіне қатысты ой-пікірлерін білдіріп, аударма саласын одан әрі жетілдіру бағытында ұсыныстар жасады.
Семинар соңында қатысушыларға сертификат табысталды.
«СБ» ақпарат.