Ғылым, білімнің түбіне жетпей-ақ темірге жан бітіргендер ауылда да жетерлік. Қызылордалық тұрғын қарапайым «Т-25» тракторын жетілдіріп, көпфункциялы техника құрастырып шығарды, – деп хабарлайды 24.kz тілшісі.
Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекенді қоныс еткен Жолдасбек Қуантаевтың көлігі шөп орады, су тасиды әрі жер тегістеп, құм-топырақ тасымалдай алады. Зейнеткер жасаған бесаспап техниканың қызығын ауылдастары да көріп жүр. Алғаш рет 34 жыл бұрын «Владимирец» атауымен шығарылған техника бірнеше рет жаңаланып, қайта құрастырылған. Бүгінде бұл трактордың қосалқы бөлшектері табылмайды, сатылмайды. Дегенмен 40 жылдай механизатор болған Жолдасбек ақсақал темірдің тілін тауып, көлікті қолданыстан шығармауда. Негізінде тек жеңіл жүктерді тасуға арналған тракторға тегістейтін құрал, шөп оруға арналған шағын дестелегіш жалғаған. Қосалқы тіркемелермен су, топырақ және басқа да жүктер тасымалдауға болады. Қарт механизатор ізденісін тоқтатпақ емес. Жолдасбек Қуантаев, өнертапқыш: - Енді келешек құм тиейтін құрал жасауды ойлап жүрмін. Анау-мынау табылса, соны істегім келеді. Материалдар қазір табыла қоймайды. Базардан іздеуге болады, цилиндр керек. Тіркемеге құм тиеп алып, өзім жегіп кете беретіндей жүргім келеді. Қарт механизатор егін алқабын тегістеу мен бау-бақша жемісін тасу үшін көмек сұрай келген ауылдастарының көңілін қалдырып, қолынан қаққан емес. Әрдайым жәрдем беруге даяр тұрады. Жастайынан темір-терсекке үйір болған Жолдасбек ақсақал сызба-бейнелеуге де шебер. Жетпісті толтыруға жақындаған механизатор бүгінде бойындағы бар өнерін жас буынға үйретіп жүр.
стырып шығарды. Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекенді қоныс еткен Жолдасбек Қуантаевтың көлігі шөп орады, су тасиды әрі жер тегістеп, құм-топырақ тасымалдай алады.