
Медицина қызметкерлері де қан тапсырады. Қызылордалық Роза Нұрмаханова 2 ай сайын облыстық қан орталығына келуді әдетке айналдырған, деп хабарлады
24.kz.
Кейінгі 15 жылда 60 литрдан астам қан тапсырыпты. Өзі де медицина саласында қызмет ететіндіктен әр тамшы қанның қадірін біледі. Жалпы орталыққа жылына 10 мыңдай донор келгенмен, олардың тек 70 процентінің қаны жарамды. Жалпы қан компоненттерін кардиология, жансақтау, нейрохирургия мен перзентхана көп сұратады екен.
Роза Нұрмаханова, донор:
- Қан тапсырып болғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай қан қысымы көтерілмейді. Қаным тазарады. 1 тамшы қаным бір өмірге араша болды деп ойлаймын. Содан бері донормын. Қан тапсырудан қорықпаңыздар, қан тапсыруға келіңіздер.
Серік Игембаев, қан орталығының директоры:
– Әрбір донорға үкіметтен қарастырылған көмек бар. Ол қан тапсырған күні және оған қоса 1 күн жұмыстан босатылып, демалыс беріледі. Келген донорларды біз түскі аспен қамтамасыз етеміз. Оған қоса биылғы жылдың қаңтар айынан бастап бюджеттен әрбір донорға 2 АЕК 5 мың 50 тг қосымша қаражат беріп отырмыз. Тегін медициналық кепілдендірілген көлемінде 1 жылға облыстық қан орталығына 583 млн тг мөлшерде қаржы қаралып отыр.