
Бала кезінде орта білім ала алмай, темір торға тоғытылған жандар ҚАЖ мекемелерінде білім алып, мамандық игеруде. Кеше Қызылорда облысындағы ЗК-169/5 қауіпсіздігі аралас мекемесінде жазасын өтеп жүрген 10 азамат орта білімі туралы аттестат алды.
Шараға арнайы «Жалпы білім беретін кешкі мектеп» мұғалімдері мен осы мектептің директоры А.Абашева қатысып, жазасын өтеуші сотталған азаматтарды құттықтады. Мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта осы мекемедегі колледжде білімдерін жалғастырып, бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғамда өз орындарын табуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар оқуда белсенділік танытқандарға «Алғыс хаттар» табысталды.
Мекемеде 42 сотталған азамат газэлектрдәнекерлеуші және тігінші мамандықтары бойынша білім алуда. Бұл ретте Қызылорда қаласында М.Ықсанов атындағы «Қызылорда құрылыс және бизнес», «Қызмет көрсету және сервис» колледждерімен келісім орнатылған.
Дана Достанова.