Астана күні қарсаңында Қызылордада 200 төсекке арналған облыстық перинаталдық орталық салтанатты түрде ашылды. Денсаулық нысаны 4 қабаттан тұрады. Мұнда әйелдер мен жаңа туылған нәрестелерге неонатология, анестезиология, реаниматология, акушерлі және гинекология мамандықтары бойынша қызмет көрсетіледі. Ана мен бала орталығы соңғы жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Аймағымызда халық денсаулығын жақсартуда ілкімді істер атқарылуда. Әсіресе, ана мен бала өлімін азайтуға айрықша мән бердік. Нәтиже бар. Өңір табиғи өсім бойынша алдыңғы қатарда. Сондықтан мұндай орталықтың аймақ үшін маңызы зор. Ең бастысы бұл нысан бас қаламыз Астана күні қарсаңында пайдаланылуға берілді. Бұл Сыр елінің бас қаламызға тартуы, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы 2 жылда облысымызда ана өлімі 30 пайызға, сәбилер өлімі 27 пайызға төмендеді. Ал 3 жылда өңірде 39 медициналық нысан пайдаланылуға берілсе, биылдың өзінде 18 обьекті ашылады деп жоспарлануда. Жаңадан пайдалануға берілген перинаталды орталық ана мен балаға көмек көрсететін барлық емдеу, сауықтыру, аурудың алдын алу ұйымдарының үйлестірушісі болады. Бұл жерде мамандар даярланып, өзара тәжірибе алмасады.
– Республикада дәл осындай 21 орталық бар. Бұл 22-шісі саналады. Мұнда жұмыс жасайтын 14 неонатолог, 7 реаниматор мамандар арнайы даярланды. Жалпы, елімізде босанудың орташа көрсеткіші 23,3 пайыз болса, Сыр елінде 28 пайыз. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да жақсара түсетініне сенімім мол, - деді ҚР ДСМ «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Талғат Құдайбергенов.