
Мамыр мен қыркүйек – араның бал жинайтын уақыты. Бұл уақытта сол титтей жәндікті баладай баптап күткендерге тыным болмайды. Соңғы жылдары омарташылықпен айналысушылар саны артып келеді. Жақында осындай тың кәсіпке жүрексінбей барып, шаруасын дөңгелетіп кеткен омарташы Сырдария ауданы, Шаған ауылының тұрғыны, зейнеткер Мұрат Жартыбаев ағамызбен жүздесудің сәті түсті.
Өзінің бұл кәсіппен айналысқанына он екі жылға жуықтап қалған. Айтуынша, омарташы болу оңай емес. Өйткені ол араларды күтіп баптаудың ерекше тәсілдерін меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, бұл кәсіп ұқыптылық пен ұстамдылықты талап етеді.
Алғашында бұл істі Александр деген танысынан естіген Мұрат аға ойлана келе бал арасын өсіруді қолға алады. Оның айтуынша, істі омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Оған арналған жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ аумақта болғаны дұрыс. Омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтар қажет етілеболғаны жөн. Омартаны орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор.
– Бастапқыда 2 ара отбасын сатып алдым. Әрбір істі бастау қашан да қиын. Сондықтан осы кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін адамдармен ақылдасып, кітап оқып, көп ізденуіме, араларды ұстаудың қыр-сырына қанығуға тура келді. Қателіктерімнен үйрендім, солай жұмыстың қызығына беріліп кеттім. Көңілің қалаған кәсіп болған соң ба, бастапқы қиындықтарына мойымадым, – деді кәсіпкер.
Адам өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білсе, соңы жемісті болары анық. Бүгінде табанды еңбегінің арқасында араларның отбасын 10 жәшікке жеткізді. Жәшік көбейген сайын табыс та молаяды. Оның айтуынша, омарта жұмысы мамыр-қыркүйек айларында қызу жүретін көрінеді. Осы кезеңде түрлі-түсті шөп өсетін алқаптарға көшіп-қонып жүруге тура келеді.
Гүлден гүлге қонып, нәр жинап жүрген ара еңбекқорлығы ересен. Тіршілігіне мән берсеңіз, темірдей тәртіпке бас иесіз. Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятынын білетін бе едіңіз? Оларға да жатып ішер, бойкүйездер керек емес.
Бір қызығы, аралар өте сезімтал және кірпияз болатын көрінеді. Тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы өнім аласыз.
Олардың ұясына да, өздеріне де сақтықпен қарау керек. Мәселен, аналығын бөлек орналастыру қажет екен. Көп өнім жинау араның денсаулығына, ауа райының жақсы болуына да байланысты.
– Ара 2 жылда қартаяды. Аптасына екі мәрте оларды тексеріп тұрамыз. Кейде араның желкесінде көзге көрінер-көрінбес майда кенелер байқалады. Кене түскен ара аурушаң келетінін ұмытпаған дұрыс. Кейде қанатын қайырып алатын аралар да кездеседі. Негізінен бал арасының 40-50-ге тарта ауруы бар. Сондықтан олардың денсаулығына да мән берген дұрыс, – дейді омарташы.
Күзде аралар біртіндеп ұяларына кіреді. Негізінен 5-6 градус салқындықты, қарды көтере алмайды. Оның үстіне олар қыста тым әлсіз болады. Ұйқыдағы аралардың қысқы азығы – өз өнімі.
Омарташылар алғашқы балды мамыр айының соңына қарай, одан кейін жантақ гүлдегенде жинайды. Әр аймақтың балы жеріне, өсімдікке байланысты әр түрлі болады. Бүгінде таза, әрі пайдалы өнімге жан-жақтан тапсырыс көп. Ауыл, қала тұрғындарынан бөлек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан да балға сұраныс артып тұр. Бағасы да қалтаға тиімді.
Араны қарауға көп шығын кетпейтінін, тек еңбекті қажет ететінін түсінген Мұрат ағаның ұлы Дәулет әке кәсібін қолға алғалы жүр.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».