Әдеп кеңесі тәртіпке шақырды

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда күн тәртібіне ұсынылған бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды. Кеңес мүшелері әуелі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының атқарған жұмыстарымен, алға межеленген жоспарларымен танысты.

Жалпы, әлеуметтік қорғау саласында 21, оның ішінде 2 мемлекеттік қызметті тікелей басқарма көрсетеді. Олар – «Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру» және «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту» қызметі. Мамандардың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің және ұзартудың  электронды қызметтер үлесі өткен жылы 98 процентке орындалған. Келесі қызмет түрінде де дәл осы көрсеткіш байқалады. Салада бұдан бөлек іске асқан шара көп. Дегенмен, олқылықсыз болмай тұр. Бұл ретте облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті ұсынған мәліметке көз жүгіртсек. Өткен жылы басқармаға қала тұрғыны А.Жүсіпованың арызының негізінде сәйкестік аудиті жүргізіліп, бірнеше заң бұзушылық анықталыпты. Атап айтқанда, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 43-бабы 26-тармағының, Заңның 43-бабының 1-тармағының, қағидалардың 423-тармағының, тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарт бойынша 19-қосымшасының талаптары сақталмай, тауарлардың техникалық ерекшеліктегі талап етілген көрсеткіш бойынша  қабылданбағаны  анықталды. Сонымен бірге жалпы сомасы 50658,1 мың теңгені құрайтын Заңның 43-бабы 22,26 тармақтары бойынша бұзушылықтар белгілі болды. Отырыста тағы бір назар аударарлық мәселенің шеті көрінді.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті биыл «Мүгедектерді оңалту орталығы» МКК мемлекеттік сатып алу маманы М.Шаукеев мемлекеттік сатып алу шарты негізінде кедергісіз тауар қабылдау үшін серіктестік өкілін 400 мың теңге көлемінде пара беруге итермелегенін хабардар еткен. Нәтижесінде қазір қылмыстық іс қозғалып, материал сотқа жолданды. Осы орайда кеңес мүшелері басқарма басшысына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытында нақты шаралар жоспарын бекітуді, жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді ұсынды.

Келесі кезекте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжановтың баяндамасы тыңдалды. Инспекция басшысы биыл 500-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 400-ге жуық фитосанитариялық  және 131 карантиндік сертификаттардың берілгенін мәлімдеді. Осы ретте ол мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту фактілері орын алғанын жасырмады. Айтуынша, оған өтініш берушінің карантинге жатқызылған өнімді тексеріп қарауға ұсынбауы мен сертификат алудан өз еркімен бас тартуы себеп. Жалпы, инспекция бойынша соңғы үш жылдың ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 465-бабына сәйкес, рұқсат құжаттарын беру мерзімін бұзу бойынша 4 құқық бұзушылық орын алып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Осыған байланысты инспекция басшысына қалалық, аудандық аумақтық инспекциялары қызметкерлерінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде рұқсат құжаттарын беру мерзімдерінің сақталуына ведомстволық бақылауды күшейту тапсырылды.

Мұнан соң Арал ауданы, Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Төрешевтің тәртіптік ісі қаралды. Белгілі болғандай, бүгінде кент бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жалпы  358 азамат кезекте тұр. Әкім міндетін атқарушының шешім қабылдауы барысында 2013 және 2014 жылдары кезекте тұрған азаматтарға реттілігімен жер учаскелері берілмегені анықталды. Бұдан бөлек, биыл кент тұрғыны А.Акшаеваға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына табыстау туралы №8 шешім қабылданған. Бұл кент әкімі тарапынан мемлекеттік бақылау тиісті деңгейде жүргізілмегенін білдіреді. Кеңес барысында Сәкен Төрешев өз түсінігін беруді жөн санады.

– 2013 жылы жер учаскесіне кезекте тұрған 3-4 азамат қамтылмаған. Мен 2013, 2014, 2015 және 2016 жылдары өткізілген жер бөлу комиссия отырысына қатыса алмадым, бірақ комиссия мүшелеріне  ескерттім, – деді ол.

Кеңес шешімімен Сәкен Төрешев мемлекеттік бақылауды өз дәрежесінде жүргізбеді,  айқындалған заң талаптарын сақтамады деп танылды. Жоғарыда аталғандар негізінде «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-бөлігінің 4-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берілгендігі айтылды.

Иә, мұндай мәселелер әрбір отырыста қаралады. Тиісті шешім қабылданады. Тіпті, ұсыным беріліп, тәртіптік жаза қолданылғанын көріп жүрміз. Тек осындай шаралардан кейін әрбір мемлекеттік қызметші заңнан айналып өтпесе, табалдырықты әдептен аттамай төрге озу жоқтығын ұмытпаса игі.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2019 г. 524 0