«Шағаладағы» шаттық

Жадырап жаз да жетті. Табиғат ана маңайға бар мейірін шашып, көкте күн күлімдеп тұр. Тіршілік атаулы толысып, ажарлана түскен. Үлкен де, кіші де мәз-мейрам. Әсіресе, жазғы демалысқа шыққан ойын балаларының қуанышы ерекше. «Бар жақсы балаларға» деген ұстанымның нағыз көрінетін шағы.

Тарихы кенен Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының атағы баршаға мәлім. Сырдарияның нақ іргесіне орналасқан орталық көпшіліктің назарына алыстан шалынды. Аумағы атшаптырым мекенге қадам басқаннан жайқалған жасыл желекке бөленген кейпі кеудеңізге қуаныш ұялатады.

Міне, «Шағала»  орталығы  жазғы тынығу маусымына балаларды кезекті рет  қабылдады. Кез-келген шарадан, оның ішінде ел болашығы балаларға арналған қуаныштан ел ағалары бой тартып қалмайтыны белгілі. Бұл жолы да солай өрбіді. Лагердьдің жазғы маусымының ашылу салтанатына қатысқан Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған ел ағалары демалыс кезінде балалардың жақсы тынығып, уақыттарын тиімді пайдалануларына тілектестігін білдіріп, өнерлі өрендер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Оқырмандарымызды төмендегі деректермен таныстыра кетсек. Бүгінгі таңда лагерьдің бірінші ауысымында 125 оқушы демалуда. ынығушылар тәулігіне бес мезгіл тамақтанады. Олардың уақытты көңілді әрі тиімді өткізуі назарға алынған. Орталықта  13 тәрбиеші жұмыс істеп, арнайы дәрігер мен стоматолог бөлінген.

Жазғы жеті ауысымда 875 бала тынығатын болады. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларының демалуы үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралған.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2019 г. 394 0