
Ауыл шаруашылығы дақылдарының басты жауы – шегіртке. Қыс бойы ұйқыда жатқан зиянкестерді ояна салысымен «шынжырламаса» егінге шығын әкелері анық.
Ал оның таралуын болдырмау үшін агротехникалық және фитосанитариялық күрес іс-шаралары уақытылы жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты өңірде фитосанитариялық іс-шараларды дер кезінде сапалы жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, қызу тірлік басталып кетті. Мәселенің мәнісі облыстық аумақтық инспекциясы мен мердігер мекемелердің қатысумен техникалардың дайындығы жөнінде семинар-кеңесте кеңінен талқыланды.
Сала мамандарының айтуынша, биыл италиялық прус зиянкестеріне қарсы 48 838 гектар жер өңделетін болса, ал ерекше қауіпті азиялық шегіртке жайлауы мүмкін аумақтың көлемі 72 633 гектар болып отыр. Бұл аумақ та химиялық өңдеуден өтеді. Өңдеу жұмыстарын 5 маусымнан 30 маусымға дейін жүргізу межеленуде. Облыстық аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжановтың айтуынша, барлық өңделетін жер көлемі 121 471 гектар.
– Шегірткеге қарсы мониторинг, фитосанитариялық іс-шара жұмыстарын бірлесіп жүргізу мақсатында, көршілес Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарымен ынтымақтастық келісім-шарт жасалды. Биылғы ауа райының ылғалдылығы мен салқын болуына орай зиянкестер «ұйқысынан» кеш оянуда. Олармен күрес әдеттегіден 10-12 күнге кеш басталу себебі де сондықтан. Қазіргі уақытта «РФДжБӘО» РММ облыстық аудандық филиалы мамандары зиянды және ерекше қауіпті организмдердің дернәсілдеріне қарсы көктемгі-жазғы мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Инспекция тарапынан оған бақылау жасалуда,– деді Е.Бекжанов.
Семинар барысында аудан басшылары атқарылған жұмыстар есебін беріп, өңірде қалыптасқан мәселелерді ортаға салды, ұсыныстарын білдірді. Зиянкестермен қарсы күресу үшін қажетті техникалар әр ауданға үлестірілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».