Сыр сахнасындағы тұңғыш мюзикл

 Сыр сахнасында бұрын-соңды болмаған эксклюзив. Алғаш рет мюзикл. Иә, расында да күнделікті қолданыста сіз жиі естімейтін сөз. Мюзикл – би, ән, қойылым, көркемсурет, акробатика және тағысын тағылар. Бұған қоса, шабыт пен шығармашылықтың ұштасуы. Осыншалық күрделі жанрға актерлердің аяқ басуы да қиын. Таразыланған таланттыларды ғана талап ететін мюзиклді Сыр жұртшылығы қалай қабылдады?

Облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрында жазушы-драматург Д.Исабековтың «Құстар фестивалі» мюзиклі сахналанды. Қойылым режиссері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Жиырмадан астам актерлердің қатысуымен өткен алғашқы премьера көпшілік көңілінен шықты. Тіпті, залда бос орын да болмады.
 «Құстар фестивалі» мюзиклі адамдар арасындағы алауыздықты құстар әлемінде бейнелейді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та бар мұнда. Көре алмаушылық пен іштарлық қасиетке қанық қарғаның қастандығы – өмір шындығы. Әмірші бүркіт жариялаған байқаудан бейшара бұлбұлды аластатып, орман сыртына апарып байлап тастайды. Әділқазы мүшелерінің алдын-ала ауызын майлап қойған қарға мен әтеш бас бәйгеге дәмелі. Адал достарының арқасында бұлбұл байқау қорытындысы жарияланып жатқан тұста келіп үлгереді. «Өнерліге өлім жоқ» дегендей, қанша зардап көрген бұлбұл сахнада әуелетіп шырқай жөнеледі. Әмірші бүркіт алдында шын жүйрікке шаршы алаңда тұсау болмайтынын дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінеді. Бас бәйгені енді ғана иемденіп жатқан қарға осылайша далада қалады. «Өнерлі өрде озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деген осы. Қойылымның қызықты әрі жоғары деңгейде өтуіне актерлердің қосқан үлесі де басым болды. Айта кетелік, басты рөлдерді С.Әбдразақов, З.Кенжеәлі, Қ.Архабаев, Ұ. Баймаханов сынды актерлік шеберлікпен сомдады.
Қойылымда сондай-ақ, қазақ әндерімен қатар әлем композиторларының да шығармалары орындалды. Заманауи би, актерлік шеберлік, әншілік қабілет – осының бәрі бір арнаға тоғысқан мюзикл жас актерлердің талантын ұштап, талабына дем берді. Қойылым соңындағы көрерменнің ыстық ықыласы мен риясыз қуанышы мәдениет майталмандарының мәртебесін одан әрі көтеріп тастады. Бұл мюзиклді «көрген де, көрмеген де арманда» қалғаны анық.
Айғаным ҚҰРМАШЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 маусым 2019 г. 431 0