Пара алған қызметкері үшін бірінші басшы жауапты болады

Қарамағандағы қызметкері пара алған бірінші басшы отставкаға өтініш беруге міндетті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды https://www.inform.kz/.

 "Мемлекеттік қызметте, оның үстіне саяси мемлекеттік қызметте жүрген адам мансап жолының тосыннан үзілуі мүмкін екендігіне барлық уақытта дайын болуы тиіс. Ал мұндай жайт орын алмауы үшін бағынышты қызметкерлеріне дұрыстап қарауы қажет. Олардың тек жұмыс уақытында ғана емес, одан тыс уақытта да немен айналысатындығын, мұндай құқық бұзушылыққа бейім бе екендігін білу керек. Құқық бұзушылыққа бейім болса, онда одан алдын ала құтылу қажет. Қазіргі уақытта оған барлық құқықтық тетіктер бар", - деді ол.

Осы ретте төрағаның орынбасары қызметкері пара алса онда бірінші басшы отставкаға өтініш беруге міндетті екендігін баса айтты. "Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті осындай тапсырма берді. Енді оны "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңға енгіземіз. Қазіргі таңда бізде бір заң жобасы бар, ол Парламентте. Соның аясында осындай норма енгіземіз. Норма заңға енсе барлығы да жұмыстан кетуге міндетті болады. Егер орынбасары ұсталса онда министр отставкаға өтініш беруі керектігін Президент айтты. Ал оның отставкасының қабылдануы не қабылданбауы ел Президентінің құзіретінде. Тек Мемлекет басшысы шешім қабылдайды", - деді Олжас Бектенов.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 маусым 2019 г. 422 0