
Жуырда орта және кіші кәсіпкерлік саласында жүрген нәзік жандарға арналған ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің ұйымдастыруымен «WECON-19» аймақтық конференциясы Сыр өңірінде өтті.
«WECON-19» биыл екінші мәрте кәсіпкер әйелдердің басын қосқан уақыт талабына сай жаңаша форматта өткізілетін платформа.
– Қазақстандық кәсіпкер әйелдер үшін өз кәсібін жетілдіру үшін білім алу өте қажет. Алайда, ірі мегаполистерде болмаса, өңірлердегілер үшін жаңалыққа ілесіп отыруға мүмкіндік бола бермейді. Сол себепті біз бұл шараны өңірлерде ұйымдастырудамыз. Біздің мақсатымыз – кәсіпорындардың қанатын кеңге жаюына көмектесу. Шағын кәсіптен орта бизнеске, орта кәсіпкерліктен ірі компанияға айналуына септігімізді тигізу,– дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің «Кәсіпкерлік саласындағы әйелдер» бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Евгений Сон.
Конференцияға сырбойылық 47 кәсіпкер-әйел қатысып, бизнесті дамытудың жаңаша қырларымен танысты, пікір алмасты.
Гүлмира Мағлұмқызы.
«Сыр бойы»