Қасым-Жомарт Тоқаев штабы Сыр өңірінде бірнеше кездесу өткізді

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабы Сыр бойы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысындағы сенімді өкілдері Нұрмұрат Ерманов пен Жағыппар Қарабала паралимпиадашыларымен кездесті. Олар спортшыларға кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
Сыр өңірінде былтыр алғаш рет мүгедектерге арналған спорт клубы құрылды. 300-ден астам паралимпиадашы спорттың 15 түрімен тұрақты түрде шұғылданады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Былтыр Әлем, Азия және халықаралық бәсекелерде 20-ға жуық жүлдені иеленді. Биыл ел біріншілігінде қоржынға 14 жүлде салды.
Сонымен қатар, штаб өкілдері Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауытының ұжымымен де кездесті.
Күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған. Зауыттың қуаты күніне - 1500 тонна, жылына - 500 мың тонна.
Кәсіпорын 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнім өндіруде қалдықсыз жұмыс істейді. Ерекшелігі - экологиялық таза өнім шығарады. Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырды.
Кездесу барысында жиналғандар еркін пікір алмасып, сенімді өкілдер жұмысшыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 маусым 2019 г. 669 0