Берген қолдың қайыры берекелі

Жуырда «Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйымдастыруымен  жалғызбасты ана, 2-ші топ мүгедегі Анаркүл Беласароваға асар әдісімен баспана салынған болатын.
Аудандағы қайырымдылық шаралары жалғасын тапты. Міне, енді сол баспананың кілтін табыстау салтанаты мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін азық-түлік пен киім-кешек тарататын дүкеннің ашылуына куә болдық.
  Бұл жұмыс жастардың ауызбіршілігін, ата-анадан алған тәрбиелерін танытты. Ауыл жастары бірігіп 20 мың кесек пен ағаш алып, үйдің қабырғасын өріп, іші-сыртын сылау жұмыстарын атқарды. «Көп тілегі – көл» деген, «Мега-Пицца777» орталығының жетекшісі Қыдыржан мырза жаңа үйдің терезелерін салып берсе, ауданға танымал Исаевтар отбасы баспананың шатырын жабу міндетін алды. «Шаншар» əзіл ысқақ театрының әртісі Дəурен Əбиев пен кәсіби медиатор, адвокат Дəулет Тұрабаев қаржылай демеушілік жасады. Еденді жабдықтауға кәсіпкер Нұрболат Әшіров пен Қоғамбек Бейсенбиев көмек көрсетті. Кәсіпкер Төрежан үйдің темір есігін орнаттырып, асаршыларға ауылдың жомарт жандары қолма қол 350 мың теңге ақша жинап алып келді. 2 тонна əкті жаңақорғандық əк зауытының иелері Сəрсен мен Данияр жеткізді. Бірлік ауылының тұрғыны ұста Мұратбек терезенің жақтауы мен төбесінің ою-өрнегін жасапды.   Осылайша, жұмыла көтерген жүк жеңілдеп, бір отбасының мұқтаждық мәселесі шешім тапты.
 Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс¬түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі» – деген болатын.
Шын мәнінде бүгінгі ұрпақтың мәдени-генетикалық кодынан алыстап кеткені анық. Сондықтан рухани жаңғыру ұрпақты ұлтын сүюге, ұлы санаға оралуға үндеген маңызды міндеттерді алға тартты. Жаңақорғандық еріктілердің қазақтың «жылу жинау» дәстүрі  мен «асар» әдісін қолға алып, сол арқылы қайырымдылық жасауға ұмтылуы әрине, алғыс сезімін туғызған ізгі іс. Сонымен бірге олардың бұл бастамасы қоғамдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп, өскелең буынға  қайырымдылық істерді үлгі ету әрі дәстүрді дәріптеу болатын.

Д.АЯШҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2019 г. 516 0