
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өкілдері алдағы 10 жылда 1 мың 200 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы акцонерлік қоғамның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өзіне қарасты вагон паркінде жазғы маусымға дайындық жұмыстарын аяқтап, алдағы үш айда 6 миллионға жуық жолаушы тасымалдамақшы.
«Жазғы дайындық барысында барша вагондардың сыртқы келбеті мен ішкі санитарлық жағдайы толықтай тексерістен өтті. Атап айтқанда, вагонның сыртын жуу, жылжымалы мехнизмдерді майлау, тамбурларды сырлау, титан, ауа жылыту және желдету жүйелерін тазарту, фильтр ауыстыру, гигиеналық бөлмелердегі құрылғыларды ауыстыру, едендерді ретке келтіру, аккумуляторлардың тығыздығын тексеру сияқты шаралар жүзеге асты. Ал кондиционерлер жоқ вагондарда терезелердің оңай ашып-жабылуы тексерілді»,-делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Компанияда қала маңы тасымалымен қоса есептегенде 115 бағыт бар. Оның 105-сі әлеуметтік маңызды бағыт болса, қалған 10-ы коммерциялық бағыттар. Жолаушы тасымалдайтын 2229 вагон бар. Оның 670-сі Тұлпар Тальго, 1443-і стандартты вагондар, 116 - электро-дизель. Стандартты 917 вагонда, барлық Тұлпар-Тальго және 51 электро-дизель вагондарында ауаны салқындату жүйесі (АСЖ) - кондиционерлер бар. Алдағы 10 жылда Компания өзінің вагон паркін жаңартып, 1200 вагон сатып алуды жопарлап отыр.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы әрқашан өз жолаушыларына жолда көрсетілетін қызметін жіті қадағалап, тексеріп отырады. Көрсетілетін қызметтің жоғары деңгейде болу үшін, яғни жолаушыларға сапар барысында барша қолайлы жағдай жасауға тырысады.
«Егер Сіз жолда жағымсыз иіс, лас вагон, дәліз, әжетхана бөлмесіндегі судың тапшлығы, жыртық төсек-орын сияқты көңіліңізден шықпайтын фактілерге тап болсаңыз міндетті түрде жолсерікке немесе пойыз басшысына шағымданыңыз. Не болмаса көріністі фотоға түсіріп, 1433 бірыңғай қызмет орталығына немесе Компанияның ресми сайтындағы Бас директордың блогына) жазып жіберуіңізді сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі (Facebook, Vkonakte) біздің парақшаларымызға өтінім қалдырыңыздар!», – делінген хабарламада.