
А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "Nur Otan" партиясының 20 жылдығына орай "Ұлы даланың көне сарындары" атты музыка фестивалі өтті.
Концертті партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес ашып, Абайдай ұлы ақынның атамекені Семей өңірінен бстау алған жыр керуені мың жылдықтар тарихы тоғысқан Тұранның төрі – Сыр бойының халқымен қауышып отырғанын атап өтті.
Сыр сүлейлерінің жалғасы Алмас Алматов бастаған, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Биімбетова, Ақмарал Ноғайбаева сынды дәстүрлі өнер өкілдері Сүйінбай ақын, Сәрсенбай жырау, Майлықожа, Көшеней, Нартай жырларын нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, ұлттық өнердің қадір-қасиетін танытып жүрген дәстүрлі әншілер Гүлмира Саринаның Т.Айбергеновтың сөзіне жазылған "Сағыныш" әні, Ерлан Рысқалидың орындауындағы Ш.Ділдебаевтың "Шындық туралы толғауы", "Молдабайдың әні" сияқты әндер де халықтың ерекше қошеметіне ие болды.
Ұлы даланың көне сарындарын насихаттап, дәстүрлі өнерде дараланып жүрген Күнсұлу Түрікпен, Мұхамбетәли Бекпейісов сияқты жастар да әдемі кештің шырайын келтірді. Концертті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов жүргізді.
Ғазиза ӘБІЛДА.