Ұмытылмас тағдырлар

Тарих парағында «Зұлмат жылдар» атауымен сақталған қасіретті кезең көпшіліктің әлі, жадында сақтаулы тұр.  Сол бір нәубет жылдарда Кеңес одағы деп аталған ұланғайыр елде миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. Олардың арасында  Алаш арыстарының да болғаны әмбеге аян. Темір жол вокзалы маңындағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында өткен «Ұмытылмас тағдырлар» атты шара көпшіліктің жанарына жас үйірді. Қаншама адамның тағдырын тамұққа айналдырған сонау нәубетті жылдардағы азапты  бейнелейтін театрландырылған көріністен басталған шарада  құрбандар рухына құран бағышталып, бір минут үнсіздік жарияланды.  
Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың «саяси қуғын-сүргін  қаншама жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермекші. Жазықсыз құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізу, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту біздің басты міндетіміз. Сол  зұлматты жылдар ешқашан қайталанбасын» деген тілегіне жиналғандар тебірене толқыды.
 Келесі кезекте  құрбандар рухына тағзым жасалып, ескерткіш тақта алдына гүл шоқтары қойылды. Айта кетерлігі, сол бір азапты  жылдары  Арал ауданынан 400-ге жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, 193 адам ақталып шыққан.

 Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 маусым 2019 г. 380 0