МЖӘ: Кадр даярлау – басты міндет

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Кадрлар даярлау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шараға кәсіпкерлер,  облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.

Айта кетелік, бұл шара ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы негізінде жүзеге асырылып жатқан «Шағын және орта кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлаудағы мемлекеттік-жеке серіктестікті жетілдіру» атты ғылыми жоба аясында ұйымдас­тырылды. Үш жылға арналған жобаны орындауға бір ғылыми жетекші, 2 аға ғылыми қызметкер, 4 кіші ғылыми қызметкер, 1 техникалық орындаушы үлес қосуда. Олар жуырда облыстың барлық ауданында «Мемлекеттік-жеке серіктестік: үлгілері және тәжірибесі» атты семинар-тренингтер ұйымдастырған.

Топтың ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Дүзелбаева жобаның мақсат-міндетіне, оның аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Жобаның зерттеу нысаны – аймағымыздағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің дамуы, ша­ғын және орта кәсіпкерлік үшін кадрлар әзірлеу. Негізгі мақсат – мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы шағын және орта кәсіпкерлік үшін маман даярлау және қайта даярлау жүйесін ұйымдастырудың жаңа үлгісін тұжырымдамалық негіздеу, мемлекеттік жекеменшік әріптестікті жетілдірудің басым бағыттарын жасау. Зерттеу барысында отандық және шетелдік ғылыми жұмыстарға жан-жақты талдау жасалды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарына, Ресейдің жоғары аттестаттау комитетінің тізбесіне енетін ғылыми басылымдар мен шетелдік ғылыми журналдарға 8 мақала жарияланды. Кәсіпкерлер мен жалпы оқырман қауымға арналған «Шағын және орта бизнес саласындағы мамандар үшін кәсіби біліктілік талаптарының қалыптасуы мен дамуы» атты әдіс­темелік нұсқаулық жарық көрді, – деді жобаның ғылыми жетекшісі.

Университеттің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі, жоба орындаушылардың бірі Ұлжан Берікболова «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: шетелдік тәжірибе» тақырыбында баяндама жасады. Ол зерттеу барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің мемлекет және кәсіпкерлік үшін тиімділігі зерттеліп, әлемдік тәжірибеге талдау жасалғанын айтып, бұл тақырып бойынша мазмұнды ақпарат берді.

– Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің теориялық-әдістемелік негіздерін білім беру үдерістеріне енгізу жөнінде тәжірибені зерттеу мақсатында Алматы қаласындағы ALMA University мен Нархоз университеттерінде ғылыми жобаның кіші қызметкерлері ғылыми тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар университеттің «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтарының білім алушыларына «Мемлекететтік-жеке серіктестік», «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жеке серіктестік» курстары дәріс ретінде оқу үдерісіне енгізілді. Зерттеу жұмысына сәйкес 1 магистрлік диссертация қорғалды,– деді аға оқытушы Ұлжан Берікболова.

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қатысып жүрген кәсіпкер, «Мектепке дейінгі ұйымдардың қазақстандық ассоциациясының» облыстағы директоры Наталья Мишукова мемлекеттік-жекешелік әріптес­тіктің кәсіпкерлікті дамытудағы маңызына тоқталды. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыруда өз тәжірибесіне сүйеніп мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысу, оның жолдары, тиімділігі туралы дөңгелек үстелге қатысушыларға нақты ақпарат ұсынды.

«Атамекен» ҰКП-ның мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы қызметі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мадина Қасымжан аталған жобаны жүзеге асыруда палата тарапынан кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталып, мемлекеттік-жекешелік әріптес­тіктің өңірімізде жүзеге асу барысынан  мағлұмат берді.

– Аймағымызда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша 118 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 38 жоба бойынша келісім-шарт жасалса, 20 жоба жеке қаржылық бастамашылық бойынша жүзеге асуда. 14 жоба бойынша оң қорытынды алынды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы – 7, қоғамдық тәртіп саласында – 2, инженерлік көлік инфрақұрылым саласын дамытуда – 3, тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылық саласы – 1, білім беру саласында 1 жоба,– дейді ол.

Шарада мемлекеттік-жеке­ше­лік әріптестік аясында ашылған Қазалы ауданындағы «Рауан» инк­лю­зивті балабақшасының құ­рыл­тайшысы Қуанышкүл Дәулетиярқызы өз тәжірибесімен бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тақырыбында мол мағлұмат алып, өзара пікір алмасты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2019 г. 468 0