« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Аймағымызда қолөнердің қыр-сырын меңгерген шеберлер аз емес. Солардың бірі – жалағаштық Мейрамкүл Романқұлова. Кейіпкеріміз қыз жасауына қажетті құрақ көрпе кестелеумен, киіз, тұскиіз және бәйге атына тоқым, жабу сияқты бұйымдар жасаумен айналысады. Бір қызығы, бұл іске оның ұлы Жылбек көмектеседі.
Кейіпкеріміз Жаңаталап ауылының тумасы. Бес ұлдың үлкені болып өскен қызға бұл өнер анасынан дарыған. Отбасын құрып, өзі де алты перзентті болды. «Қандай кәсіп бастағаным дұрыс?» деген ойда жүргенінде мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие туралы естіді. Ізденіп жүріп 1 млн теңгеге қол жеткізеді. Ауыл тұрғыны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында несие алып, ә дегеннен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Тігіншіге қажетті мақта түтетін станок пен тігін машинасын алдырып, кәсібін бастап кеткенде қуанышында шек болмады. Алайда алақандай ауылда кәсібі өрге жүзе қоймады. Сонан аудан орталығына көшіп келіп, «Айзере» атты шағын цех ашты. Қолөнер шебері табыс табу оңай емес екенін жақсы біледі. Сондықтан да ол отбасы мүшелерімен тынбай еңбектеніп, адал еңбектен нәпақа табуды басты қағидасына айналдырған.
– Қазақтың қолөнерін оның ою-өрнегі мен әшекейінен айырасың. Қошқармүйіз бен қосмүйізді айыра алмайтын жан жоқ шығар. Тұрмыстық бұйымдардың барлығына ою таңбаланып, көлеміне қарай өрнек бастырылады. Қазақтың әрбір қыз-келіншегі жастайынан үлкендердің киіз басып, құрақ тіккенін көріп, көңілге тоқып өседі. Мен де мұны анам Қарлығаштан, кейін енемнен көріп өстім, – дейді кәсіпкер.
Ол алты ұлының екіншісін тігінші мамандығына оқытты. Құрақ көрпешелерді кәсіпкердің ұлы Жылбек құрағанын естігенде тігіншілік өнерді кейбір қыздардан артық меңгеріп алғанын бағамдадық. «Қазір ұлым асқан шыдамдылықты қажет ететін мамандықты меңгерді» деп отыр анасы. Жақында Жылбек Қуаныш қайтарымсыз грант иегері атанып, тоқым, жабу секілді бұйымдарды жасауды қолға алыпты. Кәсіпкердің қолөнер бұйымдары қайталанбас әсем оюлармен кестеленген. Әрбір бұйымдағы ықшам да мәнді үйлесім, түстердің жоғары талғаммен таңдалуы, өрнектердің әсемдігі мен композициялық шешімі, қолдың дәлдігі мен қиялдың ұшқырлығын ұштастырып аса шеберлікпен жасалуы көрген көзді таңдандырмай қоймайды.
– Жалпы, қолөнер бізге сонау көне замандардан жетті. Арада қаншама уақыт өтсе де өз құндылығын жоғалтпай, бүгінге жетіп отыр. Мен құрақ көрпе тігу әдісін анамнан үйреніп, жасымнан ұлттық өнердің қыр-сырын түйіп өскен жанның бірімін. Ұзатылатын қыздың жасауы, киіз үйдің жасау-жабдығы мен текемет, тұскиіз секілді тұрмыстық бұйымдар халыққа үнемі қажет болғандықтан сұраныстан түспейді. Келешекте кәсібімізді кеңейтсек деп жоспарлап отырмыз, – дейді М.Романқұлова.
Ісмер жанның кәсібіне деген сүйіспеншілігі, ұлттық өнерге деген құрметі ісінен де, сөзінен де байқалып тұрды. Бізді қуантқан да осы болды.
Р.АРЫСТАНБАЙ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |