Үстіміздегі жылы қазақ күресінен «Сыр барысы» атанған балуан Руслан Әбдіразақов Астана қаласындағы республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде сәтті ойын көрсетті. Ол айтулы аламанға қатысқан 28 балуанның арасынан үздік үштікке ілігіп, жерлестеріне қола медаль сыйлады.
Руслан жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Қарсыласының барлығын қоғадай жапырған. Өкінішке орай, ақтық сайысқа қол созым жерде одан Шығыс Қазақстан облысының балуаны Мұмит Тұрсынов айласын асырып кетті. Қола жүлде үшін белдесуде жерлесіміз Жамбыл облысының балуаны Дәулетхан Жақыповты жеңді. Бас жүлде биыл да Шығыс Қазақстан облысының балуанына бұйырды, М.Тұрсынов ақтық сайыста қарағандылық Асыл Бәрменовті жеңді.
Естеріңізге сала кетелік, 2011 жылы – қызылордалық Ұлан Рысқұл, 2012 жылы – жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев, 2013 жылы – шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров «Қазақстан барысы» атанған еді.