
Бүгін алғашқы қазақстандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Шымкент пен Павлодарға алғашқы рейсін орындады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматыдан Шымкент пен Павлодарға қатынаған бірінші рейстер нық толып, оның 80% астам билеті ең минималды тарифпен, яғни 10 000 теңгеге дейінгі бағамен сатылғанын атап кеткен жөн. Қазіргі уақытта саяхаттарын 26 қазанға дейін жоспарлап отырған жолаушылар әуе компаниясының ресми сайтынан билеттерді белсенді түрде брондап жатқанын байқауға болады» делінген хабарламада.
Бұдан былай аталмыш бағыттар бойынша заманауи 180 орындық Airbus A320 әуе кемесі күнделікті қатынайтын болады.
«Шымкент - республикалық маңызы зор мегаполис. Сол себепті FlyArystan-ның келуінен кейін жергілікті халық алтын уақытын үнемдеп, лоукостермен сапар шегуді таңдайды деген нық сенімдемін», - деп атап өтті Шымкентте журналистермен өткен кездесуде Эйр Астана компаниясының президенті Питер Фостер.
Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанадан шырайлы Шымкентке орындалатын рейстердің ең төменгі билет құны - 4999 теңгеден басталса, сапардың ұшу ұзақтығы - 1 сағат 20 минут. Павлодарға барамын деушілер билеттерді 6999 теңгеден бастап сатып алып, сүйікті қаласына 1 сағат 50 минутта жете алады. FlyArystan барша жолаушыларға әуе компаниясының сайтында жарияланған тариф ережелерімен мұқият танысуды сұрайды.