25 велосипед, 21 планшет...

Сыр бойында жомарт жігіт көп. Соның бірі – Шакизатхан Ысқақов. Ол төрағалық ететін «Еңбек Жер» ЖШС Еңбек ауылындағы ағайынның ойынан шығып-ақ тұр. Бұған дейін газетімізде төраға өз қаржысынан ауыл орталығына 200 орындық мейрамхана мен шағын маркет салып, 9 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтығанын айтқанбыз. 

Өткен жылы «Мектепке  жол»  қайырымдылық акциясы аясында екі ауыл зейнеткеріне «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру орталығына ем алуға жолдама және 17 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формасы және спорттық киімдерін алып берген де осы серіктестік еді. Ал оқу жылын үздік аяқтаған бастауыш сыныптың 30 оқушысына бір-бір велосипед тарту еткенін кім естіпті бұл төңіректе?!

Биыл тағы да сол үрдіс, сол жақсы дүние қайталанды. Кешегі апта соңында Еңбек деп аталатын елдегі М.Байділдаев атындағы  №232 білім ордасында жылдағы дәстүрмен соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, жаңа да жауапты өмiрге аяқ басқан түлектер алтын ұя – мектебiмен қоштасты. Ал осындай шарадан тыс қалмайтын Шакизатхан Ысқақов ауылдың келешек жастары болашақ ел тірегі саналатын буынға, яғни, мектептің 1-2 сынып үздік оқу­шы­ларына 25 велосипед пен 3-4 сынып үздік оқушыларына 21 планшет тарту етті. Сонымен қатар 6 оқушыға Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» сауықтыру лагеріне жолдама берілді.

– Шыны керек, «Еңбек Жер» ЖШС жеке қаражаты есебінен бұл ауылға көрік беретін бірқатар жұмыс­тар жүргізді. Атап айтсақ, Т.Дәуітбаев, А.Құнанбаев көшелеріне 250 метр асфальттау, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ауылда бұқаралық спортты дамыту, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту барысында мереке күндері спорттық жарыстар мен аймақтық турнирлер ұйымдастырамыз. Осы серіктестіктің демеушілігімен кіші футбол алаңына әрлеу жұмыстары жүргізіліп,  ауылдың волейбол құрамасының ойыншыларына 780 мың теңгеге спорттық киім алынды. Ел есінде қалған тағы бір жайт, биылғы жылды қарсы алар алдында «Еңбек Жер» ЖШС-ның директоры Шахизатхан Ысқақов өз отбасымен бірге «Асылзат» мейрамханасында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңажылдық мерекелік кеш өткізді. Сонда серіктестік төрағасы бастауыш сыныпта оқитын 160 оқушыға жаңажылдық сыйлық жасады, – дейді ауыл әкімі Қайрулла Қалданов.

«Туған ауылға болсын» дейтін азаматтың бұл ісіне «Бәрекелді!» дейсің...

Ержан ҚОЖАСОВ.

Жалағаш ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 мамыр 2019 г. 312 0