Тарихи туындыны тамашалады

«Арай сити молл» ойын-сауық орталығының кинозалында «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі көрсетілді. «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалінің аясында өткен шарада көрермен лық толы болды. 

Фильм – бұған дейін көптің ықыласына бөленіп үлгерген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» хикаясының жалғасы. Кинотуындының алғашқы бөлігінде Әбілқайыр хандығынан бөлініп, жаңа мемлекет құруға ұмтылған қазақ рулары мен олардың басшысы Керей, Жәнібек хандардың Қазақ ордасын құрудағы әрекеттері сипатталса, кезекті туынды Шайбани мемлекетінің ұлы патшасы Әбілқайырдың қазасы, Сығанақтың қазақ хандығына қарауы, Керей ханның қайтыс болуы мен таққа Жәнібек сұлтанның отыруы секілді тарихи оқиғаларды қамтыды.

– Бұл маусым тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбіді. Картинаны түсіруге 500-ден астам адам жұмылдырылды. Рөлдерді орындаушыларды еліміздің бірнеше облысынан жинадық. Моңғолия, Қытай және Ираннан келген актерлер де ойнады. Бірінші маусыммен салыстырғанда қызықты, динамика жағынан жылдам деп ойлаймын. Көрермен көңілінен шығатынына да сенемін, – деді фильм режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашов. 

Расымен, фильмнің декорациясы мен түсірілім тобының жұмысы, актерлар ойыны бірден баурап әкетеді. Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас осындай қайталанбас туынды сыйлағаны үшін Рүстем Әбдірашовқа Сыр халқының атынан алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 мамыр 2019 г. 532 0