
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ана үшін маңызды міндет. Ата – аналар тарапынан балалардың уақытылы қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, бұл қағидаларды ұстануын қадағалау да маңызды. Жазғы демалыстың басталысымен балалардың бос уақыты көбейеді. Бұл орайда ата-аналарға сақтық шараларын күшейткен абзал.
Жазғы демалыс кезінде Қызылорда қаласының сыртындағы 9 жазғы лагерлерге демалушы балалардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаз мезгілінің 3 айына бір-бір ювеналды полиция қызметкері бөлініп, қызмет атқаратын болады.
Демалыс лагерлеріне балаларды тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ілесіп тасымалдау үшін қызметтік автокөлікпен қызметкерлер бөлінді.
Сонымен бірге, мектеп жанындағы күндізгі лагерлерде демалушы балалардың қауіпсіздігін ювеналды және учаскелік полиция инспекторлары қамтамасыз ететін болады.
Жазғы демалыс уақытында балалардың жеке қауіпсіздігі, оның ішінде суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың ерекше назарында болуы қажет. Бұл орайда, полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздік мәселесіне бей-жай қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде белгіленбеген орындарда суға шомылуға қатаң тыйым салынған. Осындай деректер анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабына сәйкес әкімшілік шара көрілетін болады.
Сонымен бірге, жазғы мезгілде жасөспірімдердің көптеп шоғырланатын Қалалық демалыс паркінде олардың кешкі серуендеуі кезінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметкерлер бөлініп, қызмет атқаруда.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі