Кеше, 25 маусымда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев су шаруашылығы саласының дамуына айтулы үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаевты 80 жас мерейтойымен құттықтап, «Құрмет» грамотасын табыс етті.
Н. Қыпшақбаев еңбек жолын 1958 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ суландыру жүйелері басқармасының Түрген өзені бассейнінде учаскелік инженер гидротехниктен бастап, 16 жыл Қазақ (КСР) Кеңестік Социалистік Республикасының мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары Су кодексі жобасының әзірленуіне, Орталық Азия, Ресей Федерациясы мен Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның құрылуына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің Президенттерімен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына және Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші фазасының жүргізілуіне айрықша үлес қосты.
– Қарапайым еңбектен бастап, түрлі лауазымдық қызмет атқарған кезеңдердің барлығында Сіз Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қостыңыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмастан жиған-терген бай тәжірибеңізді ізіңізден ерген жастарға үйретіп келесіз. Соның ішінде, Арал-Сырдария бассейнінің өзекті мәселелерін шешу жұмыстарына да атсалысудасыз. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Сіздің ғибратты ғұмыр, өнегелі қызмет жолыңыз жас ұрпаққа қашан да үлгі. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деп аймақ басшысы мерейтой иесіне жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.