
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен жаңа Басқарма мүшелері - Басқарма төрағасының орынбасары және Басқарушы директорлар сайланды, - деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.
Осылайша, Рустам Қарағойшин «Бәйтерек» Холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды. 2004 жылы Р.Қарағойшин Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірді. 2008 жылы Халықаралық Бизнес Академиясын «Іскерлік әкімшілік магистрі» бағдарламасы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («ҚДБ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді) Жобаларды талдау департаментінің менеджері қызметінен бастады, одан әрі бас менеджер, басқарма бастығы болған. Бұдан әрі «ҚДБ» АҚ-ның еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» АҚ-на ауыстырылды. 2007 жылы «ҚДБ-Лизинг» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі болып тағайындалған. 2011 жылы «Petroleum Operating» ЖШС мұнай және мұнай өнімдері маркетингі департаментінің сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бастығы лауазымында болды. 2012 жылы «Credit Systems» ЖШС Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2013 жылы «Сбербанк Лизинг» ЖШС-нің Бас директорының орынбасары, кейіннен Бас директоры қызметін атқарған. 2015 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылғы ақпаннан бастап мамырға дейін «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-нің Бас директоры лауазымында болды.
Бұдан басқа, Тимур Жанке мен Марат Омаров «Бәйтерек» холдингінің Басқарма мүшелері - басқарушы директорлары болып сайланды.